Бөкей ордасы аудандық кітапхананың мәжіліс залында жерлесіміз, әуесқой ақын Қарлығаш Хадерованың «Жәдігер» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жыр әлеміне құмартқан ауылдасымызды аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлова және т.б қолдай келді.
Шараның шымылдығы кітап иесі туралы әзірленген бейнематериалмен басталып, әрмен қарай кітапхананың басшысы Нүркен Сабировтың құттықтауымен жалғасты. Ал кітаптың тұсауын кесу құрметі аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиеваға бұйырды.
- Бұл туындының жарық көруіне Қарлығаштың жолдасы себепкер екен. Осы күнге дейін жазылған өлеңдерін жинақтап, кітап қылып шығаруына демеуші болған жан жарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өлеңге жаны құмар Қарлығашқа осылайша қолдау көрсетіп, азаматтығын танытты. Алдағы уақытта да қаламыңнан сүбелі дүние туа берсін, шығармашылығың шарықтай түскей,- деп ізгі лебізін арнаған Лариса Қайырғалиева оның адами қасиеттерін де тілге тиек етті.
Бұл шараға шақырылған өзге де меймандар жүрекжарды тілектерін арнап, сый-сыяпаттарын табыстап, Қарлығаш Әділқызына ақ жол тілеп, шабыты шалқып, өнері оза берсін десті.
Шара барысында ақынның ұлы Жанжүрек те анасының қаламынан туған өлеңдерді оқып, көрерменнің көңілін толқытты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелетіп ән салып, кештің ажарын аша түсті.
Ақындықты жанына серік еткен Қарлығаш Хадерова осы кітапты шығаруға мұрындық болған жан жарына, кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын айтты.
Нұрай Таубай
Бөкей ордасы ауданы