Ақ кимешекті әжелері бастап, аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, тиісті сала басшылары «Алтын домбыра», «Асыл домбыра» республикалық айтыстардың жүлдегері, күні кеше Астанада өткен «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбындағы айтыста шаппай бәйгенің әрі «Айтыстың ақтаңгері» атағына ие болған, Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» Жансая Мусинаны ауылдың кіреберісінен қарсы алды.
Қошемет кейін аудан әкімдігінде жалғасты. Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов ақынның анасы Самиға Сәменқызына камзол кигізіп, гүл шоқтарын ұсынды. Жансая қызымызға да аудан жұртшылығы атынан алғысхат табысталып, гой шоғы ұсынылды.
Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбековтер де айтыс атаңгеріне жүрекжарды тілектерін білдірді.
Өз кезегінде, сөз алған Жансая Ғалымжанқызы қарбаласқа қарамай, арнайы қабылдаған аудан басшылығына, ауыл шетінен қарсылап алған үлкен-кішіге шексіз ризашылығын білдірді.
- Республикалық аламандағы жүлде - батысқазақстандық айтыскерлер командасының жеңісі. Осы құрметтеріңізді менің жеке басыма емес, айтыс сияқты ақсүйек өнерге көрсетілген құрмет деп түсінемін, - деді айтыскеріміз.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы