Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен М.С.Бабажанов мектебінде өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, ізгі құндылықтарды қоғамда насихаттауға арналған «Анаға тағзым» атты аналар форумы өтті. Бұл шараға әр ауылдық округтерден арнайы келген мұғалімдер мен аналар қатысты.
Аталмыш форум екі бөлімнен тұрды. «Сабақтар шеруі» атты алғашқы бөлімде "Қыз әдептілігімен әдемі, инабаттылығымен сәнді", «Интернет пен әлеуметтік желілер жас ұрпаққа дұрыс әсер ете ме, кері әсер ете ме?», «Отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңарту – тұлғаның рухани мәдениетін дамыту жолы» тақырыптарында ұйымдастырушылар мен қатысушылар ортақ пікір-алмасып, ой бөлісті. Форумның екінші бөлімінде де арнайы шақырылған қонақтар «Бүгінгі қазақ отбасындағы бала тәрбиесінің өзекті мәселелері», «Қыз тәрбиесі: қыз –болашақ ана», «Әйел қауіпсіздігі – әлем қауіпсіздігі» тақырыптарында сөз сөйледі.
– Бала тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерді талқылауға, сонымен қатар, жеке тұлға ретінде қалыптасуға бет алған балаға ортаның әлеуметтік тәжірибесін меңгерту, оның жан-жақты үйлесімді дамуына жол ашуға бағытталған форумдарды өткізу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Әсіресе, мектеп пен ата-ананың арасындағы байланысқа мән беру арқылы өсіп-жетіліп келе жатырған ұрпақтың психологиясы мен мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, дер кезінде анықтауға мүмкіндік мол. Осы шара аясында көтерілген әр тақырып өте өзекті және үнемі талқыланып, айтылуы керек. Ұрпақтың саналы да білімді, тәрбиелі болып қалыптасуы сіз бен бізге байланысты, - деп сөз бастаған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова қай кезде де бала тәрбиесіне ерекше басымдық берілуі тиіс деді.
Өз кезегінде ардагер ұстаз Тоян Бекенова да қазіргі мен бұрынғы балалардың арасындағы айырмашылықтарды саралап өтті.
– Қазіргі ұрпақ өте тез қарқында дамып бара жатыр. Өйткені, айналамызда ақпарат көп, түрлі гаджеттер, т.б олардың есейіп, жетілуіне өзіндік үлесін қосады. Тіпті қазіргінің баласы ішіндегі сезімін, эмоциясын ашық түрде білдіруге құмар. Бұрын біздер де, балаларымыз да ата-анасына жақсы көретінін айта алмайтын. Ал, немере-жиендеріміз анасын қалай қатты жақсы көретінін, құрметтейтінін, сондай-ақ, пісірген тамағының дәміне дейін елеп, мақтап отырады. Жастар еркін, тәуелсіз. Бұл бір жағынан олардың артықшылығы да. Тек, есерленбей, әр нәрсенің шегі барын да ұмытпауы тиіс, - деп сүбелі ойларымен бөлісті.
– Қазақ қоғамында ұл мен қыздың орны әр түрлі бағаланады. Көп жағдайда қыз баласын үйдің шаруасына бейімдеп, ошақ қасынан шығармай, тіпті, оқуына да көңіл бөлмейтін кездер болады. Ал, ұлдарды әулеттің асыраушысы, қорғаушысы ретінде қарап, абыройын қыздардан жоғары қоямыз. Осының салдарынан қыз-келіншектер кемсітушіліктер көріп, бойындағы бар потенциалын көрсете алмай, көптеген мүмкіндіктерінен айырылып жатады. Қоғамдағы ер-азаматтардың беделін арттырамыз деп нәзікжандылардың тасада қалуына өзіміз жол беріп жатырмыз, - деген «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлова өз ұрпағын жынысына қарай бөлмеуге, қыз баласына қырын қарамауға шақырды.
Форумның соңы бабажандық көркемөнерпаздың әдемі концерттік бағдарламасымен түйінделді. Аталмыш мектептің ұстаздары мен оқушылары ана мен баланың әр түрлі қарым-қатынасын суреттеген көрініс қойса, әнші-күйші өрендері өз өнерлерін паш етті.
Нұрай Таубай,
Бөкей ордасы ауданы