Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай еңбегімен, ұрпағына берген тәлімді тәрбиесімен ел аузында жүрген ару-аналарымызды қабылдады.
Салтанатты қабылдауға келген қонақтар қатарында ауданның дамуына еңбектері сіңген зейнеткерлерімізден бастап, қара жұмыспен шыңдалған еңбек адамдары, білім пен мәдениет саласының қызметкерлері, көпбалалы аналар мен кәсіпкерлер, депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.
- Халқымыз «Алып анадан туады» деп аналарымызды ерекше құрмет тұтқан. Қыз балаға қонақ деп төрден орын берген, әйел-аналарымызды шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы, елдің ертеңін тәрбиелейтін тәрбие мектебі. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деп айтқаны бар. Мағыналы сөздің артында үлкен мән жатыр.
Бұл күндері нәзік жанды аруларымыз барлық салада жемісті еңбек етіп жүр. Өздеріңіз ауданымыздың тыныс-тіршілігінің басы – қасында жүріп, бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына, ауданымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз ерекше.
Сіздердің — өлкеміздің дамуы жолындағы қосқан еңбектеріңізге зор ықыласпен ризашылығымызды білдіремін, - деп аудан басшысы Нұрлыбек Даумов сөз алып, нәзік жандыларымызға құттықтаухат пен сый-сыяпатын табыстады.
Бұл шарада аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков те өз лебіздерін білдірді.
- «Ер адам тоқшылықта, әйел адам жоқшылықта сыналады» деген сөз бар. Сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аналарымыз ала дорба арқалап, сауда жасап, тиыннан теңге құрап, жоқтан бар жасағандары белгілі. Сол тоқырау жылдарында ғана емес, бүгінгі күнде де кей ер адамдарымыз бос белбеу, жасықтықтарын танытып, көлеңкелерінен ұзап кете алмай отырғаны өтірік емес. Қазірде де әйел заты балаларының қамын жасап, қара жұмыстан да тартынбай, қолдан келгенін жасап жүр. Әйел- ана қашан да ұлы, қашан да мықты, - деп ел басына күн туғанда ер-адамдармен тізе қағыстырып, соғысқан кірген, бейбіт заманда қара жұмыстан да танбайтын әйел-аналардың табиғатынан мықтылығын жақсы айтып өтті.
Кездесуге шақырылған аналарымыз да ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты.
Шуақты шараны Рауан Қажығалиев, Миллат Насыровтар бастаған өнерпаздарымыз әуезді әндерімен айшықтай түсті.
Ұлпан Жакина
Суретке түсірген Жарқынай Салимова