Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанынан басталып, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасқан соғыс қимылдарына Қазақстаннан 22269 жауынгер қатысты. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. Кеңес әскелерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына биылғы жылы 37 жыл толмақ.

Айтулы датаға байланысты аудан орталығындағы «Қару аманаты» саябағында соғыста қаза болған жауынгерлерді еске алып, тағзым етуге арналған қаралы жиын мен ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Гүл шоқтарын қою аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов пен Ауған соғысының ардагері Асылбек Сүйіншевке, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков пен еңбек ардагері Ерік Хаировқа, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуов пен Сайқын ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Абдуллинге ұсынылды.

Шараға жиналған аудандық мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары да ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.

Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы