4.10.2024, 0:10
Оқылды: 107

Бөкейде "Дәстүрімнің балқаймағы әжелер" атты ән фестивалі өтті 

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Бөкей ордасы аудандық мәдени-демалыс орталығында "Аруана" әжелер клубының жетекшісі Гүлжанат Ержанқызының ұйымдастыруымен ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанынан құрылған әжелер ансамбльдерінің арасында ән фестивалі өтті.

IMG-20241003-WA0010

Шығармашылық ұжымдар арасында өзара тәжірибе алмасу, қазақтың тұрмыс-салт жырларын, халық әндері мен қазақ композиторларының әндерін насихаттауды көздейтін бұл шараға алты округтің әжелері қатысты.

IMG-20241003-WA0053

Фестивальдің алғашқы кезеңінде қатысушылар халық әндері мен отандық композиторлардың шығармашылығынан бір-бір туындыдан орындаса, екінші кезеңде әр ансамбльдің атынан бір қатысушы көркемсөз оқыды.

Айта кетелік, фестиваль басталмас бұрын жеребе суырылып, ақ жаулықты аналарымызға құрмет ретінде ақтан дәм татқызып, бауырсақ ұсынылды. Бұдан соң "Сырғалым" келіндер клубы мүшелері танымал әндерден попурри шырқап, шараның шымылдығын ашып берді. Кеш бойына жергілікті өнерпаздар Інжу Ертарғын, Миллат Насыровтар әннен шашу шашты.

IMG-20241003-WA0055

Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов фестивальге қатысушы ұжымдарды атаулы мерекемен құттықтап, ақ жаулықты аналарымыздың өнегесі мен өнерін үлгі етіп, ұлттық музыканы дәріптеп, есті әндерді келер ұрпаққа жеткізіп жүрген әжелерді елге танытудың маңыздылығына тоқталды.

IMG-20241003-WA0052 (1)

Әр орындалған әннің нақышына терең бойлап, тыңдарманға талмай жеткізуге, ерекше әсерге бөлеуге тырысқан өнерпаз әжелеріміздің өнерін аудандық мәдениет үйінің директоры Жоламан Сисенғалиев, аудандық қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Арайлым Есмағұловалар бағалап, фестивальдің қорытынды кезеңінде аудан әкімінің атынан алғысхаттар табыстап, 20000 теңге көлеміндегі ақшалай сыяпатты да ұсынды.

Нұрай Таубай,

Суретке түсірген Эльдар Сатқанов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале