Киіз үй ішіндегі келелі отырыс – күй өнерінің шежіресін түгендеген тағылымды басқосу іспетті еді. Бұл жиын аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жас күйшілердің жаңа тынысын тоғыстырған ерекше рухани диалогқа айналды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері, күйші-ұстаз, қазылар алқасының төрайымы Кәрима Сүндетқызы сөз алып, шынайы ықыласпен қабыл алып, төрден орын ұсынған аудан басшылығына және өнерпаз қауымға жүрекжарды алғысын білдірді.

– Ақшаңқан киіз үй тігіліп, сән-салтанатпен қарсы алған сіздерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Қонақжайлықтың қайталанбас үлгісін көрсеттіңіздер. Күйшілердің кіндік қаны тамған құтты мекенге табан тіреп, шын мәнінде рухани шабыт алып, қуанып отырмыз. Қасымда отырған – еліміздегі күй өнерінің көрнекті өкілі, тұтас бір дәуірдің шежіресін арқалаған Ермек Қазиев өздеріңіздің жерлестеріңіз. Бүгін де айтары мол, өнерге шөліркеген жастар үшін таптырмас ұстаз. Батыс Қазақстан күй мектебі – орындаушылық мәнер мен композициялық құрылымы бойынша бірнеше күйшілік тармаққа бөлінетін тұтас бір мектеп. Соның ішінде Дәулеткерей Шығайұлының орындаушылық мектебі – өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Академик Ахмет Жұбановтың Дәулеткерейді «төре күйлерінің атасы» деп атауы – оның күй әлеміндегі айрықша орнын айғақтайды. Лирикалық бағыттың негізін қалаған Дәулеткерей бабамыздың күйлерінде тіршілік тынысы, заманның болмысы, адамның ішкі жан-дүниесі әсем өрілген, – деді Кәрима Сүндетқызы тебіреніспен.

Меймандар – мұражайда
Хан ордасына ат басын тіреген қонақтар әуелі Хан ордасы музей-қорығының визит орталығына бас сұғып, тұңғыштар мекенінде дүниеге келген танымал тұлғалар жайында тарихи деректермен танысты.


Жеребе тасталды
Жеребе суыру рәсімі де өзіндік салтанатымен ерекшеленді. Аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Жоламан Сисенғалиев бұрынғы сал-серілердің мақамына салып, киіз үйдің алдына жиылған ағайынды айшықты әуезбен сөзге ұйытты. Қазақы қалып пен шешендік дәстүр астасқан тұста жүргізушінің әр сөзі тыңдаушының жүрегіне жол тартты десек артық айтпағанымыз.

Ол алдымен дарынды күйші-орындаушылардың өнеріне баға беретін қазылар алқасын жеке таныстырып өтті. Ұлттық киімдегі аруларымыз қазыларды қызыл кілемнің үстімен құрметпен киіз үйге шығарып салды.

Туған жерінің ыстық ықыласын арқалап келген үміткерлер де жеке-жеке таныстырылды. Олар да қызыл кілемнің үстімен жүріп, киіз үйдің төріне қарай өтті.

Барша жиналған жұрт қадірлі қонақтарға зор қошеметтерін аямады.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы