Бүгін Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Айтулы күнге орай ұйымдастырылған шара шымылдығы аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен ашылды.
- Еліміздің бүгінгі жетістігінің жалғасты, бар жақсылығымыздың баянды болуы еліміздегі саяси тұрақтылық пен біздің Отанымызды бақыт мекені санаған түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақ-бірлігіне тәуелді екені анық. Бірлігіміздің арқасында ғана бар қиындықты еңсеріп, жеңіске жетерміз де анық. Тұрақтылық, тыныштық бар жерде ырыс-ынтымақ та, бақ-береке де бар. Ендеше осы жағымыздан айырмасын деп тілейік, - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Нұрлыбек Даумов өңірімізде топан су алғанда алғашқылардың легінде облыс орталығына барып, құтқару, алдын алу іс-шараларын атқарған еріктілер мен ауданымызда орын алған табиғи экологиялық апатты жоюға көмек көрсеткен белсенді азаматтарға алғысхат табыстады.
Салтанатты шара «Ырыс – алды ынтымақ» атты мерекелік байқаумен жалғасты. Мекемелер арасындағы байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде белгілі бір ұлттың ұлттық тағамдарын дайындап, көрмеге қойса, екінші кезеңде ұлттық киім үлгілерін көрсетіп, биін биледі.
Татулық пен бірліктің бұл салтанатында әсем ән де айтылды. Екі кезең бойынша озық танылған Бөкей орда колледжі бірінші орын алса, екінші орынды М-С.Бабажанов мектебінің ұжымы еншіледі.
Ал үшінші орын аудандық білім беру бөлімінің ұжымына бұйырды.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz