Бөкей ордасы ауданында елдік пен еркіндіктің, бірлік пен берекенің нышанына айналған Республика күні кең көлемде аталып өтті. Мән-маңызы зор мереке алдымен салтанатты жиыннан басталып, жыл бойына жемісті еңбек еткен түрлі саланың қызметкерлері марапатталды.

Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов жиналғандарды мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел өмірі үшін аса маңызды мереке екенін атап өтті.

Концерттік бағдарлама айрықша мазмұнымен және тыңғылықты дайындығымен ерекшеленді. Аудандық мәдениет үйінің директоры Жоламан Сисенғалиев «Ұмытпа, қазақ» әнімен концерттің шымылдығын әдемі түрде ашып берді.

Кеш барысында көрермендер халық аспаптар оркестрінің жаңа құрамдағы өнеріне куә болды.

Айта кетсек, оркестр құрамында ауылдық округтердің өнерпаздары, музей қызметкерлері, аудандық саз мектебінің оқытушылары мен оқушылары бар.
Концерттің тағы бір айшықты сәті – хор ұжымының жарқын өнері де көрерменге ұнады.

Сондай-ақ, «Нарын» вокалды-аспаптар тобы көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, «Ару әжелер» ансамблінің әнші әжелері тамаша орындауымен көпшіліктің қошеметіне ие болды. «Орда гүлдері» би тобының нәзік те көркем билері де сахнаның көрігін қыздырды.

Арайлым Маратқызы
Бөкей ордасы ауданы