25 қазан – Республика күніне орай және "Нашақорлыққа жол жоқ. Біз – есірткіге қарсымыз!" акциясы аясында Бөкей ордасы ауданының полиция бөлімі "Нарын жастары" жастар қоғамдық бірлестігі, жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, ұйымдастыруымен аудандық мекемелер арасында волейболдан аудандық турнир өтті.
Турнирге аудандық шекара бөлімі, Бөкей ордасы колледжі, аудандық өрт сөндіру бөлімі және аудандық полиция бөлімі командалары қатысып, өзара бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында облыстық полиция департаментінің басқарма инспекторы Мирас Әлжанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарлары, полиция подполковнигі Тимур Мамытов пен полиция майоры Сабыржан Камешов сөз алып, командаларға сәттілік тіледі.
Турнир нәтижесінде жалпы командалық есепте Бөкей ордасы колледжі І орын иеленді.
Ал, жүлделі ІІ, ІІІ орындарға шекара бекеті командасы мен ішкі істер бөлімінің командасы лайық деп танылды.
Үздік ойын үлгісін көрсеткендер де марапатсыз қалмады. Қуандық Сұлтанияров "Үздік ойыншы", Нияз Әділбек "Үздік шабуылшы" аталымдары бойынша арнайы сыйлықтарға ие болды. Жалпы турнирде бағалы сыйлықтар, медаль және жеңімпаз командаға турнирдің кубогі табыс етілді.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы