Ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті. Шара барысында түрлі бағыттар бойынша үздік мамандар, меценаттар, ауыл жанашырлары және қоғамға еңбегі сіңген тұлғалар марапатталды.

Атап жазар болсақ, ауыл шаруашылығы ардагері төс белгісін саланың дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосқан Ахметкерей Салауатов, Майдан Батыров, Ғали Мыңжасаров, Серік Агишанов және Ерболат Таңатовтар алды. Салалық кәсіптік одақ пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы атынан да бірқатар еңбек озаттары төс белгілерімен және алғыс хаттармен марапатталды. Фитосанитария саласының мамандары, механизаторлар, шаруа қожалығы басшылары мен ауыл еңбеккерлері де лайықты бағасын алды. Ауылшаруашылығында ерекше көзге түскен озаттар марапатталған аталымдардың ішінде ауылдағы іргелі шаруашылықты дамытуда табысқа жеткен Дәурен Лайықов, ветеринария саласында орасан тәжірибесі бар Ерболат Биялиев, төрт түлікті өркендеткен Нәбиолла Имамеденов, техниканы жетік меңгерген Сағынтай Қаженов, жылқы шаруашылығын дамытқан Асхат Бекқалиев, Тұрарбек Ишанов, мал бағуда үздік нәтиже көрсеткен Жексен Жанғалиев сынды азаматтар бар.

Мұратсай ауылында ауыл жанашырлары кеңшардың 50 жылдығына орай мәдени іс-шараларға демеушілік жасап, игі бастамалардың қатарын толықтырды. Қайырымдылық бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Биыл алғаш рет өткен «Шәмші ғұмыр» атты қайырымдылық балы барысында 2 миллион 730 мың теңге көлемінде қаражат жиналып, төрт мұқтаж отбасының қажеттіліктеріне жұмсалды. Жиналған қаржы газдандыру, үй жөндеу және емделу шығындарын өтеуге бағытталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасы бойынша туған өлкесін дамытуға үлес қосқан түлектер марапатталды. Олар ауылдарға кіреберіс қақпа орнату, мемлекеттік рәміздер композициясын жасау, саябақтарды кеңейту, жарық шамдарын орнату, мектептерге киіз үй тарту, балалар ойын алаңдарын жасақтау секілді көптеген игі істерді жүзеге асырды.

Ауданның әлеуметтік, мәдени, білім, денсаулық сақтау, спорт, кәсіпкерлік және қауіпсіздік салаларында үздік еңбек еткен азаматтар да жыл адамы аталымы бойынша марапатталды. Олардың қатарында ағылшын тілі пәнінің тәжірибелі мұғалімі Арайлым Құрмашева, медицина саласында көп жылғы еңбегімен ерекшеленген Мария Сұлтанова, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрлан Сарсенғалиев, коммуналдық саладағы жауапты маман Жұмазия Жарасбаева, әлеуметтік қызметкер Гүлжанат Шакирова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алманияз Қаналиев, кәсіпкерлік саласында табысты жұмыс істеп жүрген Айсұлу Иманғалиева, ұзақ жыл шекара қызметінде еңбек еткен Нұрлыбек Иманбаев, балабақша тәрбиешісі Зәмзагүл Хамзина, төтенше жағдайлар саласының білікті маманы Бибігүл Хайруллина, орман қорғау ісінің жауапты қызметкері Асылхан Мендрасимов, құрылыс саласының тәжірибелі маманы Мырзағали Бисенғалиев және аудандық кітапхананың әдістемелік жұмысын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген Раушан Жүсіпқалиева да бар.

Салтанатты жиында ауданның дамуына үлес қосқан еңбек озаттарының еңбегін бағалап қана қоймай, көпшілікке үлгі боларлық бастамаларды дәріптеген тұлғалар кеңінен дәріптелді. Сондай-ақ, жергілікті қолөнер шеберлері мен суретшілердің т.б туындылары аукционға шығарылып, бөкейлік жомарт азаматтар сатып алды.
Арайлым Маратқызы,
Суретке түсірген Еркебұлан Бисенғалиев
Бөкей ордасы ауданы