Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов пен орынбасары Біржан Меңешов Бисен ауылына арнайы барып, жаңа ветеринариялық пунктінің ашылу салтанатына қатысты.
Жалпы құны 13 млн 384 мыңды құраған нысан барлық қажетті заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Су жаңа нысанды «Контент» жеке кәсіпкерлігі салып берді.
Өз кезегінде аудан басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды келе жатырған жаңа жылдарымен және жаңа ғимараттың қолданысқа берілуімен құттықтады.
Сонымен қатар, БҚО ветеринариялық басқармасының бас маманы Қуандық Сағындықұлы мен осы сала ардагері Саниолла Қуанышалиев өз лебіздерін білдірді.
Аталмыш нысан малды ауыл үшін аса маңызды. Бұл заманауи нысанның негізгі табыс көзі – төрт түліктің саулығын қамтамасыз етіп, түрлі аурудың алдын алатын ветеринария саласының жұмысына жаңа қарқын берері анық.
Жақсы жаңалықтар мұнымен шектелмеді. Жаңа ғимаратпен қатар ветеринария саласына су жаңа төрт автокөлік табысталды. Аталмыш көліктер Сайқын, Орда, Бисен және Ұялы ауылдық округтеріне бұйырды. Бұйыртса, алдағы жылы қалған үш ауылдық округ те көлікті болады деген жоспар бар.
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы