27.10.2021, 14:30
Оқылды: 76

Бөкейдегі елдік пен бірлік тойы

Бөкей хандығының 220 жылдығы, Жәңгір хан атындағы мектептің 180 жылдығы Хан ордада аталып өтті. Берісі Оралдағы, әрісі Алматыдағы бөкейлік азаматтар мен көршілес аудандар, Ресей елінен келген қонақтар аудандық мәдениет үйі алдында бас қосып, мәре-сәре болысты. Жиналған қауым Бисен Жәнекешев, Мәншүк Мәметова және Ұлы Отан соғысына сарбаздарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып тағзым етті.

248194159_2692769080869517_3225314058427377554_n

Шара шымылдығын ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

– Қымбатты бөкейліктер! Еліміздің тойы, ортақ тойымыз құтты болсын! ХІХ ғасырда Еділ мен Жайық арасында құрылған Бөкей хандығы тек билік құрылымы емес, өркениеттің бастауы болды.  Болашақты болжай біліп, батысты бетке алып көшкен Бөкей ханның, оның ісін жалғастырған Жәңгір ханның бізге қалған мұрасы мол. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Бөкей хандығының 220 жылдығының қатар келуінің өзі заңдылық. «Ұмыту өткен тарихты – болашақ үшін қауіпті» дейді. Өткенімізден сабақ алып, бүгінгі барымыздың бағасын білейік, – деп сөз алды.

248508309_2692773897535702_8672309899210378502_n

-Бөкей хандығының 220 жылдығы тек бүгінгі күнмен тәмамдалмайды. Қарашада Елорда төрінде жалғасын табатын болады, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Одан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс басшысы Ғали Есқалиевтің құттықтауын жеткізді.

IMG_5412

-Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған Бөкей хандығының 220 жылдығымен құттықтаймын. Бұл еңселі де ерекше дата. Осыдан 220 жыл бұрын Жайықтың оң жақ бетіндегі Бөкей Нұралыұлы негізін салған хандықтың дамуына Жәңгір ханның қосқан үлесі мол, атқарған қызметі шексіз. Сол заманның өзінде Жәңгір хан алыстан болжап, елінің бәсекеге қабілетті болуы үшін тер төккен, өзі төрт тілді меңгерген, дүниетанымы зор кең хан ел басқару саясатын көрегенділікпен жүзеге асырған. Тұңғыш қазақ-орыс тілдерінде оқытатын мектеп, мешіт ашып, қазынашылық ісін, жәрмеңке саудасын жолға қойған. Сол кездегі ақша айналымының өзі миллион рубльден кем болмаған. Елінің экологиялық жағдайын да назардан тыс қалдырмаған. Жасқұстан хан резиденциясын салып, қалалық үлгіде отырықшылық салтты енгізді. Осы мекеннен өнер мен білімнің майталмандарының бесігі, Алаш ардақтыларының негізі осы жерде қалыптасқан. Қазақ өркениетіне эволюциялық-революциялық батыл шешім қабылдай білді, елінің тұтастығын сақтап қана қоймай, жаһандық өркениетке жетеледі. Заманның өзгергенін түсіндіріп, ел баласын білімге шақырып, сауат ашуға мән берді. Жәңгір мектебін бітірген бөкейлік жастар Ресейдегі кадет корпустарында оқыды.

Бөкей хандығының 220 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының тұспа-тс келуі тегін емес. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында да тұңғыш Елбасымыз дәл осы Жәңгір ханша әрекет етті. Сайын даладағы, өкпек желдің ортасында тұрған Ақмоланы айналдыра тал-терек отырғызып, қазақ елінің жаңа астанасының негізін қалады. Ел болашағының иелері білімді жастарды алты құрлықтың түкпір-түкпіріне жіберіп, сапалы білім алуына жағдай жасап, «Болашақ» бағдарламасын қолға алды. Мұндай сәйкестіктер тек мұнымен шектелмейді, – реформатор Жәңгір ханның қызметін саралай келіп:

-Бабаларымыздың қанымен, бойдағы тектілікпен келген Тәуелсіздік – басымыздағы бағымыз. Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деп өз тілегін білдірді.

248187335_2692781960868229_7881121983883440069_n

Құттықтау сөзін алғандар қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, ауданның құрметті азаматы Нұрлыбек Бірманов, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары, осы елдің тумасы Рүстем Зұлқашев, В.Чкалов атындағы ұшу-сынақ орталығы, 22139-әскери бөлім командирі  Игорь Зенков,  Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай, РФ Палласов ауданы «Самал» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылғасын Жармұхамедовтер болды.

Салтанатты шарада өзінің елеулі еңбегімен ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді. Мұндай құрметке ие болғандар қатарында  Есқайыр Сапаров,  Майдан Батыров,  Қитеш Бисенғалиев,  Қуаныш Есеев,  Қаламқас Жасқалиева,   Ерсайын Құбышев,  Амангелді Мақсотов,  Өтеміс Мырзағалиев, Иманбай Машотов,  Ержан Өмірзақов,  Ахметкерей Салауатов,  Баубек Теміров,  Қанатбай Айтқалиевтер бар. Марқұм Өтеміс Уәлиұлының орнына сахнаға ұлы Мейрамбек көтерілді.

Бұдан кейін салтанатты шара театрландырылған көрініспен жалғасты. Облыстық Хадиша Бөкеева атындағы театр тарландарының қатысуымен Жәңгір хан өмірінен көрініс көрсетілді.

Кешкісін облыс орталығынан келген танымал әншілер Дархан Құлбабаев, Дария Бақытова, Медет Оразов, Дана Жағыпарова, Марат Сарыбөпеев, Еркін Өтегенов және ханордалық Ажар Балабасованың қатысуымен концерт өтті.

Той екінші күні дала қызықтарымен жалғасты.

Аудан тойы келесі күні дала қызықтарымен жалғасын тапты.

Орда ауылдық округінің Қарасу ауылы бағытындағы қырлық жерде өткен тойда ауылдық округ әкімшіліктері  ақ күмбезді киіз үй тігіп, ошақ жағып, шоқ самаурын салды. Алыс-жақыннан келген қонақтарды қарсылап, қонақжайлық танытқан шаңырақ иелері кіреберіске өз округіндегі жетістіктерді паш ететін баннерлерді де көпшілік назарына ұсынды.

«Алысқа айда, аттарды алысқа айда,

Желдей жүйткіп жүйріктер жарыспай ма?» деген жұртшылық бірден бәйге алаңына топтаса жинала бастады. Қазынаға баланған қыл құйрықтының шабысын көруге асықты.

Ақын Тортай Сәдуақас айтқандай:

“Кең даланы күй кернеп кеткен бе еді,

Көптің бүгін ат жарыс бопты ермегі.

Осында жүр шау тартқан шалдарың да,

Қалыппыз деп сағынып көптен бері.

Сері көңіл шіркін-ай, қыр қазағы,

Кім озар деп шетінен жүр мазалы;

Атқа мінген алқа топ аруақтанып,

Ата салтын жаңғыртқан бір ғажабы.

...Кенет қырдың дүбірлеп бар алабы,

Соғылып кетті бәйге барабаны.

Құлагерлер құлаған құба белден,

Қас жүйріктер құйғытып барады әні...”

Сөйтіп,  аудан тойын көтеріп, демеушілік танытқан аудан шаруа қожалықтарының қомақты қоры тігілген аламаннан бұрын тай жарысқа кезек берілді.

IMG_5609

Ат бәйгесіне  «Нарын» ат спорты федерациясының мүшелері  төрелік етті.  Сөйтіп, үш шақырымдық жарыс жолын екі айналуды көздеген шабандоз бен олардың тақымындағы жануарлары жарыс сызығын кесіп кетті. Алты шақырымдық тай жарыста І орын, кубок және 100 мың теңге ақшалай сыйлықты Казталов ауданы Көктерегінен арнайы әкелінген Еркеш есімді шабандоз мінген Әміржан Ерболдың Сыйлық қара атты тайы алды. Сыйлық қарадан кейін келген мұратсайлық  Мейірбек Бұхаров баптаған шабандоз Дарын тізгіндеген Флеш болды. Тай иесі 60 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал ІІІ орынға тігілген 40 мың теңгені казталовтық Закариян Әсембек баптаған Бахтияр шабандоз тізгіндеген Сұлуқарасы иеленді.

Т.Масин шаруа қожалықтары бас жүлдеге тіккен бір миллион теңге бәйге көрігін қыздыра түсті. Отыз шақырымдық аламанды желпініп тұрған 15 тұлпар бастағанмен соңына дейін жеткендері аз болды. Бірінің жануары болдырып  қалса, бірінікі жарақат алып қалды. Десе де шын жүйрік өзін осындай сын сағатта таныта біледі. Осылайша, Сайқын шаруаларының демеушілік танытуымен ІІІ орынға белгіленген 300 мың теңге жүлдесі Бисен ауылдық округі Көктерек елді мекенінің тұрғыны  Бейбіт Айтасов баптап,  Дәулет шабандоз тізгіндеген Қарқын алса, бисендік шаруалардың  ІІ жүлдеге тіккен бес жүз мың теңгесі өз жерлестеріне бұйырды.

Он жасар Мұрагер мінген Мақсат Еділбаевтың Нәзікторысы иеленді. Бас жүлде көрші ауданнан келген  қонақтың қанжығасында кетті. Миллион теңгені казталовтық Қаратай Жайлаубаевтың таза ағылшын тұқымдас Қаратайы талассыз алды. Шабандозы – Бекзат.

Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған  арқан тартыс, гір тасын көтеру және күрес спорттық ойындар да тамашалаушыларды еш жалықтырмады. Арқан тартыста жеңіс жалауы Мұратсай командасында болса, ІІ орын Орда-86 командасына бұйырды. Бірінші орынды Бисен командасы иеленді.

Гір тасын көтеруде де мен деген азаматтар барын салды. Десе де, бұл спорт түрінен Қуанғали Жанғуатұлына тең келер жан табылмады. Оның ізін басып, Асылхан Шәпиев пен Аслан Бижанов жүлдегерлер үштігін құрады. Көптің делебесін қоздырған күрес те өз нәтижесін көрсетті. Айтар болсақ, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орынды жәрмеңкелік Нұрбек Ғазезов жеңіп алса,  тайғаралық Дарын Мұсаев пен жәрмеңкелік Бекзат Ахатов тиісінше ІІ және ІІІ орындарды иемденді. Ал, 75 келіден жоғары түйе палуандар күресінде ұялылық Жанарбек Қауыс жеңіс тұғырына көтерілсе, ІІ орынды бисендік Алтынбек Әліпқалиев алып, жәрмеңкелік Сибағат Аманов ІІІ орынды місе тұтты.  Сонымен қатар тарих тойын тойлаған бөкейліктер ауыл шаруашылық көрмесін тамашалады. Саудагерлердің қалтасын қалыңдатқан сауда болды.

248369442_2692903834189375_167147979391821118_n

Екі жыл жарымға созылған пандемиядан кейінгі алғашқы той болғасын ба, дала қызықтарын тамашалауға жиналған халықтың қарасы да көп болды.

Түрлі-түрлі күйге еніп, біресе жадырап, біресе тұнжырап тұратын ауа райы да бұл күні бар шуағын төгіп, бір мәрттігін танытты.

Бөкей жұртындағы бұл тойды елдік пен бірлік тойы десе болады. Тойдың басты демеушісі де, қолдаушысы да жергілікті халық болды. шаруа қожалық иелері қомақты қаржы бөлсе, қатардағы қарапайым жұрт алыс-жақыннан келген қонақтарды құдасындай өз үйінен төрін беріп қарсы алды. Қысқасы, ордалықтар елге аңыз болған қонақжайлылықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 Ұлпан Әнуарқызы,

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

 

 

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале