5.09.2024, 23:30
Оқылды: 124

Бөкейлік ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетілді 

Бүгін Бөкей ордасы ауданы мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков мерей жасқа толған ақ жаулықты аналарымыздың шаңырағына арнайы барып, қуаныштарымен бөлісті.

IMG-20240905-WA0085

Сексен беске толған Ғалия Сәрсенова анамыз еңбекқорлық пен жауапкершіліктің үлгісіндей. Кезінде сауыншы да, тазалықты да, кассир-бақылаушы да болған анамыз бүгінде де сол шапшаңдығы мен пысықтығынан алыс кетпепті. Сексеннің сеңгіріне шықса да келінмен жарысып, сиырдың желініне тыным бермей жүргені бар.

- Қиындықтан қашпай, жастай жесір қалсаңыз да "мен жалғызбасты анамын, маған көмек керек" деп ешкімнің есігін қақпай, адал еңбегіңізбен ұл-қызыңызды аяққа тұрғызып, оларды қойып, немере-жиендеріңізді адам қатарына қостыңыз. Бүгінгі боркемік ер адамдарымызға, жылауық әйелдері ізге сіздей аналарымыздың өткен жолы өнеге, - деді Лариса Қайырғалиева.

Ғалия анамызды Жоламан Сисенғалиев бастаған мәдениет үйінің қызметкерлері де құттықтай келіпті. Өнерпаздар құр сөзбен шектелмей, думандатып, мерейтой иесінің құрметіне ән де салып берді.

IMG20240905105622

Ал, сексенінші күзін қарсылаған Мағзия Темірболатова анамыз саналы өмірін есеп-қисап саласына арнапты.

Отағасы Тельман Аманғалиев аудан халқына ұлағатты ұстаз ретінде танымал жан.

- Әжеміз атамыз жұмысқа кетіп бара жатқанда, сырт киімін ұсынып қана қоймай, аяқкиімін сүртіп, баруына дейін де байлап беретін. Мектепте жұмыс жасамаса да, атамыздың әңгімесінен естіп, әр шәкірт үшін уайым қылып, атамның сыныбы емтихан тапсырса, комиссия мүшелеріне дастархан жасап, бар тәттісін ұсынып жүретін. Осы істерімен әжем қазақ әйелінің үздік үлгісіндей, - дейді әжесінің туған күніне сонау Алатаудың арнайы келген немересі Ақмарал.

Тілеген Арыстанбеков алыс қалған балалық шағынан естелік айтып, Мағзия анамыздың жай сөйлемей, билердің сөзімен түйдек сөйлейтін әкесі Шүкір туралы, асыл бейнесі шәкірттерінің жүрегінде сақталған Тельман ұстаз туралы жақсы әңгіме айтты.

Мағзия анамыз:

- Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Табиғат апат, пәле-жаладан сақтасын. Бастысы, ұрпақ амандығын берсін, - деп құттықтаушыларға ризашылығын білдірді.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале