Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мейрамы ретінде тойланып келеді. Еліміздің əрбір көмекке зəру жандарына қол ұшын созатын, халықтың әлсіз топтары – қарттар мен көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, мүгедектігі бар жандардың қоғамға бейімделуіне үлкен дәнекерлік сипатта жұмыс жасайтын әлеуметтік жұмыс мамандарының еңбегі қандай құрметке де лайықты.
Айтулы күнде осындай көзге көріне бермес, қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген Бөкей ордасы аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары түрлі марапатқа ие болды. Таратып айтсақ, аталмыш бөлімнің кеңесші мамандары Найля Хасенова ҚР Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғысхатына, Сұңғат Қойшекенов облыс әкімінің алғысхатына ие болды. Әлеуметтік қызметкерлер Сәуле Қошметова мен Ернұр Қонақбаев "Қызмет" Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының құрмет грамотасымен марапатталды.
Әлеуметтік қызметкерлер Сәуле Мұхамжарова, Нарынбек Саруов, Жанар Сариева, Ернұр Қонақбаевтар, аудандық мансап орталығының ассистенттері Алмагүл Бижанова, Индира Сапашева, Айсұлу Калимуллиналар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғысхатына ие болды.
Кәсіби мереке иелерін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов та марапатсыз қалдырмады. Нәтижелі еңбек еткен қызметкерлер салтанатты жиында сахнадан табылып, алғысхатқа ие болды.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы