24.09.2024, 20:35
Оқылды: 167

Бөкейлік әжелер сынға түсті

Бүгін Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде ерекше тағылымды шара өтті. Көзі қарақты оқырман қауымның есінде болса, балалар мейрамына орай «Babystar» атты еңбектеген сәбилеріміздің сайысы өткен еді. Не нәрсеге болса да, шығармашылық талғаммен қарайтын «Нарын шуағы» ҚБ жетекшісі Арайлым Есмағұлова кезекті шарасын да ерекше ғып өткізуге тырысыпты. Шараға қатысқан әр әже де байқауға тыңғылықты дайындалған.

8652776a-30b0-453c-a3ba-05e68c8a4924

Алты округтің маңдайалды әжелері төрт кезең бойынша сынға түсті. Алдымен ақ самайлы аналарымыз «Әжемнің әдемі әлемі» кезеңінде сән көрсетіп, әжелердің әдемі образын жасады.

2d7f2fd1-d5c4-47f2-bf39-b835fe39a48b

Ал, «Сыр-сандық» кезеңінде түрлі тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап беріп, «Дәм думан» кезеңінде қазақтың ұмтылып бара жатырған тағамдарынан дәм татқызды. «Өнерпаз әже» бөлімінде ақжаулықтыларымыз әуелетіп ән салып, өз қолдарымен жасалған туындыларын әкелді.

0134fa44-7ed1-4aea-968b-e7eddca476bf

Айта кетелік, сынға түскен әжелер шыж-быж, өрметөс, үлпершек, жаужүрек, түймеш, жайбүйрек секілді ұлттық асханамыздың ең құнарлы да пайдалы тағам түрлерін дайындап әкеліп қана қоймай, әрқайсысының жасалу жолын түсіндіріп берді. Немерелеріне ертегі айтуды әдетке айналдырған әжелер қазақ ертегілері мен мультфильмдеріне байланысты қойылған сауалдарға мүдірмеді. Дәстүрге берік аналарымыз да ежелгі ырымдарға қатысты білгенін жеткізе алды. Доданың көрігін қыздырған әр қатысушы да жеңіске лайық болды десек артық айтпағанымыз. Ұялылық Уадиға Дүкеева сән көрсетілімінде әжелерге лайықты үйлесімді образдарды көрсетіп, орамалды үйлестіріп тағу жолдарын, қалпақты әдемілеп киюдің нұсқаларын да паш етті. Хан ордалық Талшын Кекенова аналарымыздан аманат болған ақ жаулық пен бүрмелі көйлекті киіп шығып, кимешектің артықшылығы мен маңыздылығына тоқталды. Байқауға қатысқандардың ең жасы 58 жасар сайқындық Айман Башпақова болса, ең үлкені Бисен ауылынан ат арытып жеткен 76 жастағы Қапия апамыз.

0826dd05-38de-4310-8e80-cc60d0b9a223

Төрт кезең бойынша да терең білімімен, өнегелігімен, шеберлігімен көзге түскен Қапия Неталиева байқаудың жеңімпазы атанып, «Үлгілі әже» атағын да қоса алды. Ұялы ауылының атынан сынға түскен Уадиға Дүкеева екінші, Хан ордасы ауылының намысын қорғаған Талшын Кекенова үшінші орынды иеленді. Сайқындық Айман Башпақова «Жан жақты әже», саралжындық Зүбира Өтешқалиева «Байсалды әже», мұратсайлық Гүлбағида Сүгіралиева «Өнерлі әже» аталымдарына лайық деп танылды.

Марапаттау сәтінде ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Гүлжиян Бисекенова қатысушы әжелерге ақ жаулық жауып, жылы лебізін арнады. «Қазақтың салт-дәстүрлі, ырым-тыйымдары осындай байқауларда сіздер секілді көнекөз қариялардың арқасында кеңінен насихатталмақ. Мәні мен мағынасы зор тағылымды іс-шаралар жалғасын таба бергей» деп алғысын айтты. Сондай-ақ, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлова да кейінгі кездері әлсіреп бара жатырған әжелер институтын қайта жандандыруды, сауатты, кітапқұмар, түйгені мен білгені мол өнегелі де үлгілі әжелерді көпке таныту баршамызға ортақ дүние деп, байқауға қатысуға ниет білдірген әжелерге ризашылығын жеткізді.

cce57387-129f-478d-a10a-58f54bad4976

Сұрақтары сауатты, шарттары тәлімді шарадан ұққанымыз көп. Жұмыс күні, шаруаның тығыздығына қарамай, уақыт тауып, байқауға келген көрерменнің санамызда көмескіленген көне дәстүрлермен танысып, әжелер институтының маңыздылығына тағы бір көз жеткізгені анық.

Анар Артықбай, 

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале