18.06.2020, 10:16
Оқылды: 17

Бөкейлік майдангердің мағыналы ғұмыры

Сабыр Молдағалиев бала кезінен тағдыр тауқыметін бір кісідей көрген жан. Ағалы-інілілер ата-анадан ерте айырылады. Баланың үлкені Қуанышқали бұғанасы қатпай, қара жұмысқа кіріседі. Жоғары Басқұншаққа барып, балық өндірісіне жұмысқа тұрады. Бар тапқанын қос інісіне тасып, ата-ананың орнын толтырмақшы болады. Дегенмен ажал деген аждақа оларды сол қамқоршысынан да ерте айырады. Екі ұл жетімдіктің тақсіретін ағалары өлгеннен кейін мықтап тартады. Балалар үйіне жіберіліп, ес жиған соң одан да шығарылады. «Паналарың бар ма?», «Нан табар кәсібің бар ма?» деген де ешкім болмайды. Содан ағалы-інілі екеуі бас тірер жері жоқ болса да, жолға шығады. Алланың қарасқаны болар, алдарынан шыққан аттылы адам оларды Әжен түйе зауытына бастап апарып, нәпақа табарлық жұмыс та тауып берді. Қиналғанда қолдау білдірген осынау аттылы адам – Қабыш Бектасов еді. Қабыш атамыз бен Күмісханым шешемізбен кейін де байланыстарын үзбей, бір туған бауырдай араласып тұрады.

САБЫР

 

1940 жылы Сабыр аға әскер қатарына шақырылып, Минск қаласындағы атқыштар мектебінде курсант болады. 41-де соғыс басталып, армиядағы жаттығу майдан даласында  жалғасады. Белорусь майданының бел ортасында жүріп, ол аяқтан жараланды. Брянск госпиталынан емделіп шыққан сарбазға енді Ульяновскдегі танк училищесіне жолдама беріледі. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, аға техник біліктілігін қорғаған кіші лейтенант қайтадан соғысқа аттанады. Осылайша Белорусь, Украина майдандарында болып, кейін Паланга, Балтық жағалауы, Шығыс Пруссия, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысады. «Танк деген алпауытың былайғы жұртқа қауіпсіз, темір қорған көрінетіні рас. Бірақ соғыста ең қауіпті көлік осы болды. Жау гранатасы дөп тисе, шынжыр табанын быт-шыт қылады. Ал люкты ашып, шығамын дегенде сен жау мергенінің оғына ұшырауың мүмкін. Люк ашылмай қалып, тірілей өртеніп кеткен қаруластарымыз қанша?! Бірақ «танкке отыр» десе, бас тартуға құқығың жоқ. Клайпеда қырғынында танкімізге оқ тиіп, люктен шыға бергенде жау оғына тап келдім. Каскамды сырып өткендей болған... Басымнан контузия алыппын. Алты ай емделіп, қайта танкке отыруға жарамсыз деп танылдым», – деп естелік айтқан екен майдангер.

Сабыр Молдағалиев кейін жанармай зауытының командирі, №78 механикаландырылған дивизия құрамындағы бақылау-өткізу пунктінің басшысы болған.

– 1945 жылдың 30 сәуірінде Берлинге Германияның солтүстік жағынан кіріп, 70 шақырымдай жерде бұйрық күтіп жаттық. 6 мамырда фашизм Кеңес Армиясы алдында тізе бүкті. Айбынды қолбасшы Жуковтың «соғыс аяқталды, енді ешқандай оқ атылмасын!» деген бұйрығын өз құлағыммен естідім. Жеңістің салютын, жауынгерлердің қуанышын көрдім. Бұл ең бақытты күн еді. Осы күнге жеткеніміз үшін еңкілдіп тұрып қуаныштан, бақыттан жылап едік-ау, – деген майдангер сөздері де сарғайған газет бетінде жазылып  қалған.

Десек те, Сабыр атамыз үшін соғыс сол 1945 жылдың мамырында аяқтала қоймады. Германиядағы ішкі қақтығыстарды басуға, жапондармен текетіресті жоюға қатысты. Тек 1947 жылы арнайы комиссияның шешімімен босатылады.

-Туған жерге аман жеттім, елдің жағдайы нашар екен. Ат басын сол Қабыш ағамның үйіне тіредім. Ағамыздың қос бірдей анасы бар еді. Мен келгенде сол әжелердің бірі қысылып жатты. Жаназасына жағдай жоқ. Германиядан тай-тай мата, гармон әкеліп едім. Сол гармонды клубқа өткізіп, ақшасына керек-жарақты алып, бір жарылқап қалдық. Күмісханым шешем мықты ісмер еді. Мен әкелген матадан ауылдың үлкен-кішісіне түгел көйлек тігіп бергені бар. «Сабыр келіп, біркиерге жарып қалдық» деп айтып жүретін. Кейін Саратовтың Энгельс ауданынан ағамды тауып, көңіл бірледі ғой, – депті енді  бірде  ардақты азамат.

-Соғыс та, соғыстан кейінгі кез де ауыр болды. Сол ауыр кезеңнен сүрінбей өткеніміз адамдардың адамгершілігі, бірлігінің арқасы. Аталас болмаса да бір-біріне бауырдай қамқор болды, барымен бөлісті. Осы адамдық бізді аман алып қалды. Бәріне шүкіршілік, бәріне тәубе. Сол майдан даласында сүйегі қалған жігіттерден қай жерім артық еді? Көрер жарығым бар екен. Жоқ деп жылауға, ауыр, қиын деп налуға хақым жоқ дейтін әкеміз. Соғыстан келген соң мектепте мұғалім, кейін байланыс бөлімшесінде меңгеруші боп жасады. Анам Алтын екеуі төрт ұл, төрт қыз сүйіп, қарапайым ғұмыр кешті. Мансап, байлық қумады. «Бергеніңе шүкіршілік!» деуден танбады. Өйткені олар бар мен жоқтың, аштық пен тоқтықтың бағасын жақсы білетін ұрпақ еді, – дейді майдангердің қызы  Гүлбаршын Сабырқызы.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале