Дәл бүгін облыс орталығында «Пай-пай қазақтың келіндері-ай!» атты облыстық келіндер сайысы өтті. Он екі ауданы бар, қаланың атынан шыққаны бар, кіл мықты сынға түскен сайыс болды. Бөкей ордасы ауданының намысын қорғап қатысқан аудандық демалыс орталығының қызметкері Сұлушаш Ғұбашева осы сайыста оза шауып, І орын иеленді.
Бес кезеңнен тұратын бұл байқауда үміткерлер өнерін де көрсетіп, ата дәстүрден де біліктіліктерін сынға алды. Заманауи мәнерде ұлттық нақышта киім үлгісін де көрсетті. Сұлушаш - бір әулеттің керегесін кеңіткен келін, жұбайына адал серік, ұл-қыздарына мейірімді ана.
Керек кезде актриса боп, сомдаған рөліне көрерменін елітіп, сендіре алатын, концерт те тізгіндеп, ән де шырқайтын, балғын өнерпаздардың талабын шыңдап, ұстаз да болатын сан қырлы Сұлушаш бұл жүлдеге лайық-ақ!
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы