15.09.2022, 12:00
Оқылды: 35

Бөкейлік ұстаз беделі

Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Қайролла Сабырұлының 75 жас мерейтойы туған топырағында өзіндік сән салтанатымен аталып өтті. Оған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, орталық кеңес мүшесі Әділгерей Ғаббас, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Анесов, аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңеш және азаматын ардақ тұтқан бір топ жерлесі қатысты. Өз кезегінде мерейтой иесіне облыстық ардагерлер кеңесінің алғысхаты мен Орал қаласының «Асыл ардагер» төсбелгісі табысталды.   

16

Қасиетті  Нарын топырағының төл перзенті орта мектептен кейін Ақтөбе педучилищесін бітіріп, еңбек жолында ауданның біраз білім ұясына өз қолтаңбасын қалдырады. Жалынды жас кейіннен Орал пединститутының жаратылыстану факультетін  тәмамдап, қызмет баспалдағында сатылап көтеріле береді. Қатардағы мұғалім өз іскерлігі арқасында оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры сынды лауазымдарға қол жеткізеді.

Бірқыдыру уақыт аудандық оқу бөлімінде әдіскер де болады. Ал енді зейнеткерлікке шығысымен бірден қоғамдық жұмыс жүктеліп, Бисен ауылдық округінің ардагерлер кеңесіне жетекшілік етеді. Ел-жұртына сыйлы ғұмыр кешіп келе жатқан ардақ­ты азамат һәм ұлағатты ұстаз әр жылдары Білім министрлігі мен тұңғыш Пре­зиденттің алғысхаттарын да иеленген. Осынау игі іс-шара барысында ұзақ жылғы жемісті еңбегі сараланып, аудан әкімінің алғысхаты табысталды және иығына шапан жабылды. Өзге де құттықтаушылар мен сый-сияпаттарын ұсынушылар қатары көп болды. Осы жерде Сабыровтар әулетінің бала-келін, қыз-күйеу, немере-жиендерін қоса алғанда 24 ұстаз қазіргі күні облыс  мектептерінде қызмет атқарып жүргенін айта кеткен артық болмас.

Айтпақшы, Қайрекең қазақ күресіне баулыған шәкірттері арасында облыс, республика былай тұрсын, Азия чемпионатында топ жарған балуандар бар. Солардың қатарынан ел чемпионатында жүлдегер болған жерлестеріміз Дулат Еділбаев пен самбодан Азия чемпионы атанған Армат Меңдешевті атауға болады. Қазіргі кезде Армат Ермекұлы Бөкей ордасы аудандық спорт мектебінің директоры болып қызмет атқарады.

Әділгерей Уәлиұлы,

Бөкей ордасы ауданы

Бисен ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале