23.02.2024, 12:15
Оқылды: 110

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватында 52 мемлекеттік инспектор жұмыс істейді

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының жалпы аумағына келетін болсақ, 343 мың гектар жер. Одан бөлек «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылды. Ол қаумалдың көлемі 314 мың гектар. Сонда барлығы 657 мың гектар жер. Мұнымен қоса былтыр резерваттың қарамағына «Жалтыркөл», «Кирсанов» табиғи қаумалдары енді.

жп резерват инспекторлар (2)

Осы бір үлкен территорияны қамтитын аумақта 52 мемлекеттік инспектор қорғап, бақылауда ұстауда.

Резерват жұмысын білмейтіндер инспекторлардың негізгі қызметі туралы хабарсыз болуы мүмкін. «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында ақбөкендерден басқа «Қызыл кітапқа» енген, құрып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлардың 71 түрін кездестіруге болады. Жануар дүниесінің тыныштығын сақтау, оларды қаскөйлерден қорғау, жергілікті жердің тұрғындарымен түсінік жүргізу — мемлекеттік инспекторлардың басты міндеті.

жп резерват инспекторлар (3)

 Бұдан бөлек резерват аумағында мемлекеттік инспекторлар мониторинг, күнделікті рейд жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуда. Сонымен қатар жыл он екі ай ауа райының қолайсыздығына байланысты зардап шеккен жануарлар мен құстар да анықталса, тиісті құтқару жұмысымен де айналысады.

жп резерват инспекторлар (1)

Инспекторлар даладағы рейд кезінде арнайы SMART мобилді қосымшасына күнделікті бақылау жұмысын енгізіп отырады.

Жуырда «Бөкейорда» мемлекеттік резерваты деректоры орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Ержігіт Ишмухамбетовпен бірге резерват территориясын аралап, мемлекеттік инспекторлардың жұмысын барладық. Екі күнге созылған сапар барысында Казталов, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей Орда аудандарының жері кіретін ерекше қорғалатын аумақты аралап, сол аумақта рейдте жүрген мемлекеттік инспекторлардың жұмыс топтарымен кездестік.

Күндіз-түні даланың ой-шұңқырын аралап, табиғатты қорғауда аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік инспекторлардың еңбегі еш болмайды. Соңғы уақытта заңсыз аң аулау фактілері азайып, қаскөйлер де аяқтарын жиған. Дегенмен заңды белшесінен басатындар да жоқ емес.

жп резерват инспекторлар (4)

Өткен жылдың деректерін сараласақ, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының мемлекеттік инспекторлары ерекше қорғалатын аумақта бірлескен 35 іс-шараға қатысқан. Оның 26-сы «Охотзоопром» өңірлік бөлімшесінің инспекторларымен бірге және 9 шара Казталов аудандық  полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге өткізген. Нәтижесінде инспекторлар қырағылық танытып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383 бабы, 1 тармағы бойынша 6 хаттама, 382 бабының 1 тармағы бойынша 14 хаттама (ескерту) толтыру үшін құзырлы органдарға жолданған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339 бабы, 1 тармағына сай 9 қылмыстық іс қозғалса, Қылмыстық кодекстің 335 бабы, 1 тармағы, 287 бабы, 3 тармағы бойынша 3 қылмыстық іс қозғауға тиісті құжаттар жиналып, құзырлы органдарға жолданып отыр.

Жоғарыдағы мәліметтерді оқып отырып, мемлекеттік инспекторлардың жануарлар дүниесін қорғаудағы ерекше еңбегін көреміз. Инспекторлардың қызметі бір жағынан өте қауіпті, бір жағынан табиғатты жақсы көретін адам үшін өте қолайлы.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале