25.09.2023, 10:30
Оқылды: 53

Бөкейордада көпбалалы ананың үйі өртеніп кетті

21 қыркүйек күні Бөкей ордасына қарасты Бөрлі ауылындағы Склад көшесі 1 мекенжайында орналасқан тұрғын үй өртке оранды.

CEF67FF1-0E1F-4825-AD84-49C752A7262A

Аллаға шүкіршілік сол, адамдар зардап шеккен жоқ. Көптің көмегімен қызыл жалын дер кезінде ауыздықтап, өрт аумағының ұлғаюына жол бермеді.

Бірақ өрт үйді түгел шарпып, ең болмаса құжаттарды алып шығуға мүмкіндік болмады.

Бас аман десек те, өмір бойы жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып қалу кім-кімге де оңай емес екені анық. Балалар мектепке киген киімдерімен ғана қалған. Үй иесі азаматы дүние салып, Айтолқын төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ана.

Бұған дейін де бір атаның балаларындай бір-біріне туған бауырындай көмек көрсететін Бөрлі ауылы бұл жолы да іріліктерін көрсетуде.

– Апат айтып келмейді ғой. Үлкен-кішіміз бірігіп, қандай көмек көрсететінімізді бөлісіп алдық. Марқұм Тілекжанның сыныптастары да шот ашып қаржы жинап бастады. Ауылдың жастары тағамы мен киім-кешегін тауып бермекші. Алдағы сейсенбіден қаладан көмек те келмекші. Ал ауыл азаматтары баспана мәселесін мойындарына алып отыр. Көздеген үйіміз де бар. Құжаты бар, басқасы бар. Көп кешікпей бір жақты қылуымыз керек, - дейді аудандық мәслихат депутаты Айнұр Абдрешева.

Айтолқынның жағдайын білу үшін аудан басшысы Нұрлыбек Даумов та арнайы барып, барлық жағдай жасалатынын, көмек-қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.

Ұлпан Жакина,

Бөкей ордасы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале