-Ең бастапқы мақсатымыз «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдық жердегі азаматтарымызға қолжетімді пайызбен несие ұсынып, мал шаруашылығы, басқа да кәсіптерін табысты жүргізуге көмек беру.
Ауыл азаматтарына несие 6% мөлшерде беріліп, несиені екі жыл бойы өтемеуге (яғни кредиттік каникул) мүмкіндік те ұсынылады. Несие алу үшін сіздің жеке кәсіпкерлікті бастағаныңызға үш жылдан аспауы керек. Тағы бір талап – міндетті түрде «Атамакен» кәсіпкерлік палатасының арнайы сертификатына ие болуы керек. Жеке кәсіпкер боп тіркелгеніңізге үш жылдан көп болса, сертификаттың болуы шарт емес, – дейді «Ауыл шаруашылық қаржылау қоры» АҚ қызметкері Дамир Ақынбеков.
Кәсіпкерліктің үш не одан да көпжылдық тарихына қатысты БҚО микрокредитті мониторингтеу және ауыл шаруашылығын қолдау бөлімінің басшысы Жандос Шайжанов түсінік берді.
-Жеке кәсіпкер боп тіркелу уақытыңыз, несие алудағы пайызға тікелей қатысты. Кәсіп бастағаныңызға үш жылдан асса, кепілге қойған мүлігіңіздің 50% сомасы беріледі. Үш жылдан аспаса, кепіліңіздің бағалау сомасының 85%-ы ұсынылады. Бағдарламаның басты ерекшелігі сол, кәсібін жаңа бастағандарға, көпбалалы отбасыларды қолдауға көңіл бөлінген. Аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылар кәсіп бастап, кепіл ұсынса, кепіл бағасының 95%-ын ала алады, – дейді ол.
Шаруа қожалығына иелік етіп, мал шаруашылығымен айналысамын дейтіндерге «КазАгроФинанс» АҚ көмекке келеді. Елімізде жасалған техниканы «Қазақстанда жасалды» бағдарламасы бойынша сыйақысы 6% мөлшерін құрайтын лизингке ұсынады екен.
-Бұл бағдарлама екі жақты тиімді. Біріншіден, пайыздық мөлшерлемесі қолжетімді болса, екіншіден, отандық өнімді кеңінен қолданысқа енгізудеміз. Әрине, лизингтің басқа түрлері бар. Мысалыға, 17%-ға берілетін лизинг. Сол 17%-дың 10%-ын үкімет субсидиялайды. Дегенмен төлем мерзімі кешігетін болса 17% толықтай қарызгер өтеуге тиісті болады, – «КазАгроФинанс» АҚ БҚОФ басшысының орынбасары Амангелді Иманов бөлісті.
Ал енді келген азаматтардың ұсынған ақпараты қаншалықты пайдалы болғанын ханордалық азамат Мейрамбек Шүкірғалиев айтып өтті.
-Қазіргі кезде шаруа қожалық ашқым келеді. Жер алсам деймін. Оған қоса, несие алып малымның санын көбейтсем деген ойым бар. Өз басымда малдың төрт түлігі де бар. 100-ге жуық сиырым, 60-тан астам жылқы, түйе және қойда бар. Жыл сайын сол малдың шөбін сатып аламын. Ал мына отырыста жаңа бағдарламалармен танысып, несие алып, мал санын көбейтіп, лизингке техника алып, мал азығын өзім дайындасам деген ой келді. Келген азаматтардың арқасында қандай құжат керек екенін біліп алдым. Тіпті осындай жиын көбірек болса екен деген пікір білдіргім келеді. Бәрі бір жерде. Қолжетімді. Ақпарат үшін анда-мында шаппай бір жерден керекті мәліметті алған жақсы емес пе? – деді болашақ кәсіпкер.
Еркебұлан Бисенғалиев
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер