9.01.2018, 12:30
Оқылды: 35

Бөкейордалық қос өнерпаз республикалық байқаудан жүлделі оралды

Бөкейордалық Асқар Инабат мен Ернұр Меңғалиев (жетекшісі Шынар Иманғалиева) республикалық «Әнім саған, туған ел!» патриоттық әндер байқауында І, ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Инабаттың әкесі Кенжебек Құрмашев гитара аспабында ойнайтын болса, анасы Әлияның да өскен ортасы өнер ауылынан алыс емес. Ол айтулы музыкант болған марқұм Темірбек Әбілхатиннің Ақылбек атты ағасының қызы екен. Инабаттың нәзік саусақтары балаларға үйренуге ауырлау тиетін гитара аспабын әп-сәтте меңгеріп кеткен. Қазір ол ата-анасының ықпалымен туризм орталығында (жетекшісі Азамат Зайноллин) гитара сыныбына барып жүр. Инабат өте ұғымтал қыз. Дойбы да ойнап, әр салада өзін көрсетуге талпынады.

ІІ дәрежелі диплом иеленген Ернұрдың өнерге жақындығы нағашыларынан дарығанға ұқсайды. Кішкене кезінен әртүрлі байқауларға қатысқан балақайдың бұл алғашқы жеңісі емес. Апасы Эльнараның ән салуына еліктей жүріп, қызығушылығы оянған ол туыстарының да өнерден қара жаяу емесін айтады. Ернұр өткен жылы Павлодар қаласында балалар шығармашылығына арналған республикалық байқауда хордың сүйемелдеуімен жеке дауыста ән салған.

Музыка жетекшісі Шынар Сайфетдинқызының пайымдауынша, оқуда екпінді қос шәкірттің музыкалық қабілеттері жоғары. Ернұрдың сахнада ән салып жүргеніне екі-үш жылдай болып қалса, Инабаттың бұл алғашқы қадамы. Десек те, бойында өнердің ұшқыны бар бүлдіршін әп дегеннен топ жарып отыр.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ

Бөкей Ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале