24.02.2025, 17:45
Оқылды: 181

Бөкейордалықтар ардагер дәрігерге құрмет көрсетті

Бүгін Бөкей орда ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов денсаулық сақтау саласының ардагері Серік Нүркеновті қабылдап, 75 жас мерейтойымен құттықтады.

IMG_7005

- Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, жас маман боп, елге келіп, қызметке кірістіңіз. Содан күні кешеге дейін табан аудармастан хирург, лор- дәрігері қызметтерін атқарып, абыройлы еңбек еттіңіз. Ел аузында жақсы атыңыз жүр. Жұбайыңыз Нәсіп Қанатқызымен қоса қартайып, ұрпақ қуанышына кенеле беріңіз, - деп игі тілегін білдіріп, мерейжас иесінің иығына шапан жауып, жеңгемізге гүл шоғын табыстады.

IMG_7006
Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева аға буынның тоқыраудан кейінгі қиын кездерде де өз істеріне жауапкершілікпен қарап, адал қызмет жасағандарын айтып, алғысын білдірді.
- Жоғары білімді дәрігерге, тәжірибелі маманға қалада да, басқа жерде де жақсы жұмыс, қомақты табыс бары анық. Серік ағамыз, Нұрболат Жанғалиев сияқты дәрігерлеріміз қолайлы жағдай, жақсы айлық іздемей, туған жерлеріне адал қызмет жасады. Саналы ғұмырларын ауыл халқының игілігіне қызмет етуге арнады. Зейнетке шықса да ауылдастары үшін әлі күнге денсаулық сақшысындай. Немерелеріміз ауырса, әлі күнге Ақлима Кәрімқызының хабарласып, кеңес сұрап жатамыз. Аға буын өскелең ұрпақ үшін еңбек адамының озық үлгісі, - деп Серік Нәсиұлына алғысхат табыстады.
Тілеген Арыстанбеков:
- Серік Нәсиұлы үлкенге құрмет, кішіге кісілігін көрсетіп, жаспен де қартпен де тіл табыса білетін жан. Үнемі әзілдесіп, ақжарқын қалпымен науқасқа жан жылуын дарыта білген дәрігер, - деп мерейтой иегерінің кісілік қасиеттеріне тоқталса, әріптесі Нұрболат Жанғалиев оқу бітіргеннен кейін елге келуіне осы Серік ағамыздың түрткі болғанын, Нәсиұлының көпшіл, қамқор жан екенін айтты. Әріптестері Ақлима Ишанова мен Ағайша Хаирова Серік Нүркеновтің қазіргідей медициналық құрал-жабдық, аппарат, тіпті анестезиолог жоқ кезде де өлім-жітімсіз ота жасаған шеберлігін айтып, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр тіледі.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Өтешева мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин де ардагерімізге ақжарма тілектерін арнады.
Өз кезегінде Серік Нәсиұлы мерейжасын елеусіз қалдырмаған аудан әкімдігіне, әріптестеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Ұлпан Әнуарқызы,

Суретке түсірген Жарқынай Салимова,

Бөкей орда ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале