30.03.2022, 10:50
Оқылды: 10

Болашақтың тумасы Президентпен кездесті 

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған болатын. Президенттің баспасөз қызметі хабарлағандай Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының барлық талабына сай келетін Алматыдағы жаңа Үстел теннисі орталығын аралап көрген болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпараттарға назар аудара отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлының жас спортшыларымен теннис ойнап, шеберлік сағатын өткізгенінен де хабардармыз. Әйтсе де, Президентпен теннис ойнаған жас спортшының кім екендігі көптің көкейіндегі сауалдардың бірі болды. Ол Казталов ауданы, Болашақ ауылының тумасы – Айназ Әділжанқызы Әділгереева. Болашақ ауылының тұрғыны Бауыржан Әділгеревтің немересі. 

IMG-20220330-WA0019

Айназ Әділжанқызы Мемлекет басшысымен кездесуінде болашақта чемпион болуға сөз берді.

IMG-20220330-WA0020

«-Жалпы спортқа кеше келдім. Мені бастапқыда қабылдамады. 9 жастан асқан кезде бастау өте қиын екен. Арада 1,5-2 жылда құрбыларымды қуып жетіп және Ел чемпионы болып, асып кеткен кезде ғана бәрі бекер емес екені түсінікті болды. Бос уақытым болғанда әке-шешем міндетті түрде Қобыланды батыр жырларын және халқымыздың түрлі ертегілерін, салт-дәстүр кітаптарын оқытады. Ең алдымен осы кездегі спорттағы жетістіктерім үшін бапкерлер Айман Сатқымбайқызы Успанова, Дмитрий Владимирұлы Переверзев, Елена Владимирқызы Переверзева, Алексей Анатолийұлы Тимченко, Аслан ағай және Медиана мен Аружан апайларға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, маған қолдау және сүйеніш болған ата-әжелеріме, әке-шешеме, ағайын-нағашыларыма, достарыма және мені қолдаушыларға осы сәтті пайдаланып, үлкен рахмет айтқым келеді. Жалпы біздің Президентіміздің өмірдегі ұстанымы бойынша әрбір жетістіктің  артында өзіміздің ата-дәстүрге негізделген қатал және мықты тәрбие жатыр», - деді жас теннисші.

IMG-20220330-WA0018

Айназ Әділгереева 2010 жылы дүниеге келген. Ол – спортшылар арасындағы үстел теннисінен жеке және жұп ойындары бойынша ҚР чемпионы, аралас жұп бойынша қола жүлдегері, топтық сайыста қола жүлдегер, 2008 жылы туған спортшылар арасындағы ҚР чемпионатының жұп сайысында күміс жүлдегер, 22 мектеп-гимназиясының 6 сыныбының үздік оқушысы. Қазіргі уақытта «Алтын күз» халықаралық турниріне дайындық үстінде. Еліміздің жасөспірімдер құрамасына үміткер.

IMG-20220330-WA0021

Қасым-Жомарт Кемелұлы Айназға сәттілік тілеп, өз қолы қойылған үстел теннисі ракеткасын сыйға тартты. Президент пен Айназдың шеберлік сағаты жөнінде Atameken Business арнасы жаңалық таратқан болатын.

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале