18.04.2022, 12:15
Оқылды: 78

Болмасын соғыс, болмасын!

Біздер, соғыстан бұрын туған балалар, соғысқа бармасақ та, оның қасіретін, елге, жерге, ауылға тигізген зардабын білеміз. Анамызбен бірге ұжымшардың қысы-жазы бітпейтін жұмысына жегілдік. Ұжымшардың малын бақтық, егіннің арамшөбін жұлдық, қырманда еңбек еттік. Бума деген кішкентай ауылымыздан Ұлы Отан соғысына 57 азамат аттанды. Соғыстың кесірінен анасы баласыз, баласы әкесіз жетім қалды. Мен кеңшардағы малшының баласымын. Соғыстан әрбір ұжымшар зардап шекті. Жылдың төрт мезгілінде келетін науқандық жұмысты ауылда қалған әйелдер, кемпір-шалдар, жасөспірім балалар атқарды.  Бірі тракторға отырса, бірі мал бақты. Бір аяғы жоқ болса да, Қангерей бригадир халықты еңбекке баулыды, арбаға мініп егін, шөп бригадаларын аралады.

21

Кешегі Кеңес үкіметі кезінде тағы бір соғыс болды. Ауғанстан соғысы 10 жылға созылды. Бұл – сол кездегі Кеңес одағы коммунистік партиясы саяси бюросы мүшелерінің ойланбай жасаған қателігінен болған басқыншылық соғыс. Кеңес әскерлері Ауғанстанға 1979 жылы басып кірді. Мұны кезінде халық білген жоқ, айтқызбады. Мен сол кезде газетте журналист болып жұмыс істегендіктен ғана білемін. Жабық хаттар келіп жататын. Оны газет қызметкерлері оқиды, бірақ ешкімге айтпайды. Қанша жасырғанмен халық білді. Себебі қаза тапқан жауынгерлердің сүйегі қара табытпен ұшақ, пойыздар арқылы жеткізіліп жатты. Осы жарияланбаған соғыста менің балам Аманжол 19 жасында қаза болды. Осы сияқты қаншама мыңдаған шаңырақтар шайқалды. Мұны өткен тарихты қазіргі жастар білсін, соғыстың зардабын сезінсін деген ниетпен жазып отырмын. Сонымен қатар осы мақаланы жазуға қазіргі Украина мен Ресей арасындағы соғыс та себепші болды. Ресей украиндықтарды ұлтшылдар деп айыптаса да, бейбіт жатқан елді атқылап, бомбалап қалаларды бүлдіріп, қырғынға ұшыратып жатқанына қарсымын. Украиндықтар туған жері үшін, бейбіт тұрмысы үшін қолына қару алып, Ресейге қарсы соғысуға мәжбүр болды. Дұрыс деп есептеймін. Халқы қаңғырып шетелдерге көшіп кетті. Шаңырақ шайқалды, бейбіт тұрғындар өлімге душар болуда. Олардың ішінде балалар да бар.

Қуанышқали Ғұсманов,

тыл және еңбек ардагері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале