19.05.2020, 9:46
Оқылды: 45

Болмысы бөлек Қамбар

Бір көргеннен-ақ көптің ішінде дараланып тұратын адамдар болады. Келбеті, ішкі мәдениеті, болмысы. Сол көзге онша байқала бермейтін бір адами тазалықты Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі, «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі – Қамбар Сансызбайұлы Рахметовтен байқадым. Кейіпкеріміз сан алуан ой, идеялардың шырмауында жүретін нағыз шығармашыл жан.

3FC16409-542C-4378-B965-DFF9FD064470

Қамбардың жария жасамай, қайырымдылыққа ұйытқы боп жүретіні, ізгілікке ынтықтығы қолға қалам алдырған еді. Өзін көрсетіп, мақтағанды ұната бермейді. Бұл иманы берік жігіттің ұят, ар-намыс деген ұғымның бойына терең орнығуынан болса керек. Маған да «мақтап қоймаңызшы» деп қайта-қайта ескерткені ішкі иманының көрінісі еді. Бірақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, үнемі қайырымды іс үстінен табылатын жанды қасиетті айда ауылдастарға үлгі етуді мақсат еттік. Оян ауылында туып-өскен Қамбар бала кезінен ертегі тыңдап, сурет салуды жаны қалайтын, жалпы көкжиегі кең, шығармашылыққа бейім боп өсті. Батырлар жырымен сусындады. Себебі үйдегі кітап сөрелері жаңа туындыларға лық толы болатын. Әсіресе Әбіш Кекілбаевтың кітаптарын тұшынып оқитын. Кино әлеміне деген қызығушылық сонау аңғал балалық кезінен бастау алды. Адам арманы не деген шексіз десеңізші?! Жан-жақты ұмтылыс, өзін-өзі іздеу сонау балалық аралынан бастау алған іспетті. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың көркемсурет факультетін 2014 жылы тәмамдаған.

– Үнемі ой үстінде жүретіндіктен, жаңа идеялар аяқ астынан туындап жатады. Оны дереу телефоныма жазып ала қоямын, – дейді ол.

 Сымбатты, ақсары өңінен кино актерлеріне ұқсайтын келбетті байқамау мүмкін емес. Иә, кейіпкеріміз талай мәрте сахнада образға еніп ойнаған қойылымдарын сәтті алып шыққан. Жалпы, кино әлеміне қызығушылық оның «актер болсам» деген бала арманының бүр жаруына ықпал еткен. Киноны көріп қана қоймай, талдағанды жақсы көреді. Нағыз өнер адамы. Өзінің емес, шәкірттерінің аты озғанын қалайтын ол, әр баланың ішінде бұғып жатқан қабілетін ашуды басты мақсат етеді. Мектепте талапты мұғалім сабақтан тыс кезде шәкірттерімен емін-еркін қарым-қатынасты ұстанады.

81C738A7-AA8C-4334-B1C5-6AAE6143B431

Ол – үнемі ізденіс үстіндегі жаңашыл мұғалім. Драма үйірмесінің жетекшісі Қамбар Сансызбайұлының шәкірттері де үнемі топ жарып жүр. Аудан өміріндегі қоғамдық істерге белсене қатысатын ол үнемі қайырымдылық шараларының бел ортасында жүреді. Ауданның жүрегі ізгі жастарынан құралған «Берекет» қайырымдылық қорының белсенді мүшесі. Жақсылықтарын жария етпеуді ұстаным еткен жастар екі-үш жылдан бері тұрмысы төмен 20-30 отбасыға ұдайы көмектесіп келеді. Қамбардың өзіме айтқан бұл ақпаратын көпшілікке жария қылғаным дұрыс болмады, әрине. Бірақ «Берекет» қорының намысты жастарын қасиетті айда бір көрсетіп қойсақ, артық болмас. Алланың разылығы үшін ғана істеп жатқан сауапты істерін жария етуді қаламайтын бұл иманды азаматтардан құралған қор мүшелері аудан орталығында өз күштерімен «Тұңғыш Президент» саябағы жанына «Менің жүрегім – Тасқала» деп жазба орнатқан. Қандай керемет! Елін, жерін сүю жүректегі имани тазалықтан бастау алары ақиқат.

A351033F-3CE8-4D2A-BEC7-E21B17FC9760

2015 жылы тұңғышының өмірге келуі – оның өміріндегі ең үлкен қуанышы. Бүгінде Рахметовтер әулетінде екі қыз, бір ұл ата-аналарын бал қылықтарымен қуантып өсіп келеді. Сүйікті жұбайы Диананың мамандығы – тігінші. Адами құндылықты жоғары көтерген азаматтың алар асуы да биік болары ақиқат.

Т.Тек

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале