Осындай атаумен бүгін Сырым аудандық Мұқадес Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен жерлес ақын Қадыр Мырза Әлиді еске алуға арналған әдеби кеш өтті.
Кеште аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев кішкентай оқырмандарға Қадыр Мырза Әли шығармашылығының құндылығын насихаттау бәріміздің борышымыз екендігін тілге тиек етіп, болашақ көркемсөз шеберлеріне сәттілік тіледі.
Шараның шымылдығы кітапхананың оқырманы Бақыт Молдагерееваның орындауында “Тамаша” әнімен түріліп, “Ақжайығым”, “Құштар көңіл”, “Кездер-ай” әндерімен жалғасын тапса, балалар кітапханасының кішкентай оқырмандары Қадыр ақынның балаларға арналған өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқыды.
Қайрат Илашев, Ақылбек Бекболатов сынды көркем сөз шеберлері де ақын өлеңдерін оқырман жүрегіне жеткізе білді.
Әдеби кеш соңында кітапхана ұжымы мен оқырмандар естелік суретке түсті.
Айжан Амангелдина
Сырым ауданы
zhaikpress.kz