Ақпарат беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек өткен жыл Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жөндеу, реконструкциялау және салу жөніндегі ауқымды жобалаларды іске асырғанудағы маңызды кезең болған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 2024 жылы елімізде 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмыстары жоспарланып, оның 7 мың шақырымға жуығы тапсырылған екен. Жол салу және жөндеу жұмыстары бойынша біздің ауданымызда да орасан зор жұмыстар атқарылып жатқанын аудан тұрғындары күнделі көріп жүр. Дегенмен, әрбір нысан бойынша аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың тарқатып айтып бергенін жөн санадық.
- Еркебұлан Нұретдинұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім.Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын» - деген болатын. Ендеше, сұхбатымыздың алғашқы сұрағын жергілікті жолдардан бастасақ.
- Соңғы жылдары жол салу, жол жөндеу жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын байқап жүрген шығарсыздар. Жергілікті жолдар салу мен жөндеу жұмыстары «шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Мәселен, 2023 жылы басталған Ақсай қаласының Береке (4 шақырым, 580,8 млн), Солтүстік (4 шақырым, 463,4 млн), 8 наурыз (574 метр 103 млн) көшелері, 2, 3 шағын аудан (1,3 шақырым, 198,8 млн), 5А шағын аудан (2 шақырым, 160,9 млн) көше жолдарының құрылысы 2024 жылы аяқталды. Бұл бағдарлама аясында жалпы 11,8 шақырым жол құрылысы жасалады (1,5 млрд) деп жоспарланған.
- Сондай ақ, «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында Бумакөл (4,7 шақырым, 360,9 млн) және Жарсуат (3,36 шақырым, 296,1 млн) ауылдарындағы ішкі жолдардың құрылысы 2023 жылы басталып, ауыспалы болғандықтан құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталды. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында Ақсу ауылындағы Достық көшесін күрделі жөндеу (1,3 шақырым, 168,8 млн) жұмыстары жүргізілді. Бұл бағдарлама аясында 9,8 шақырым жол жөнделеді (825,8 млн тг) деп күтілуде. Осы жерде жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қызылтал ауылы бағытындағы жолға (4 шақырым бетонка) асфальт төсеу жұмыстары аяқталса, Алексеев көшесінің (500 м) және Аралтал шағын ауданының 1, 2 көшелеріне (1,1 км) асфальт төсеу жұмыстары биылғы жылдың ІІІ тоқсанында аяқталатынын айта кетейін.
- Өзімізден бөлек, облыстық маңызы бар жолдар, яғни облыстық бюджет есебінен жасалып жатқан жолдар туралы да мәлімет бере кетсеңіз?
- Аудан аумағында облыстық маңызы бар жолдар 203 шақырымды құрайды. Оған Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (89 шақырым), Ақсай-Приураль (35 шақырым), Ақсай-Шыңғырлау, (47 шақырым), Ақсай - Федоровка (32 шақырым) жолдары кіреді.
Облыстық бюджет есебінен Кеңтүбек және Жарсуат ауылдарына кіреберіс жолдарының күрделі жөндеу (1,7 шақырым) жұмыстары жүргізілді. Жарсуат ауылы бойынша (1 шақырым, 320 млн) кіреберіс жолды салу жұмысы аяқталды. Кеңтүбек ауылы бойынша (745 метр, 91 млн) бұл жұмысты келесі жылы аяқтау жоспарланған. Ақсай – Кеңтүбек – Қарағанды аудандық маңызы бар жолының 0-14 учаскесіне орташа жөндеу бойынша құрылыс жұмыстары былтырғы жылы басталып, биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр.
- Келісім-шарт бұзылған жағдайлар да бар сияқты ғой?
- Иә, жұмыс барысында ондай жағдайлар да кездесіп жатады. Солардың бірі, Бумакөл ауылының кіреберіс жолының (1,3 шақырым) күрделі жөндеу жобасы бойынша анықталған мердігермен келісім-шарт бұзылды. Былтырғы жылы қайтадан мердігер анықталып, құрылыс жұмыстарын аяқтау биылғы жылға жоспарланды. Сондай ақ, Қанай ауылына кіреберіс жолының күрделі жөндеу жұмыстары (2,6 шақырым, 344,4 млн) және Амангелді-Успен тас жолының орташа жөндеу жұмыстары (12 шақырым, 608,9 млн) бойынша мердігердің жұмыс кестесінен кешігуіне байланысты келісімшарт бұзылған болатын. 2024 аяқталмаған құрылысқа қайтадан мердігер анықталды және құрылыс жұмыстарын биылғы жылы аяқтау жоспарда тұр. Жол құрылысы мен жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалары дайын жұмыстардың қатарында Қарағанды-Кеңтүбек жолы (14-26, 26-38 шақырым), Амангелді-Жарсуат (28-54 шақырым, Жаңаталап-Қарашығанақ-айналма жол) аудандық маңызы бар жолдарының орташа жөндеуі, Ақбұлақ, Бөрлі және Пугачев ауылдарының ішкі жолдарының құрылыстары (39,3 шақырым).бар.
- Сонымен қатар ауданымызда республикалық маңызы бар жолдар да бар екені белгілі. Ел ауызында көбірек сынға ұшырап жүрген осы жолдардың бүгінгі жай -күйі қандай деңгейде екен. Осы бойынша да хабардар етсеңіз?
- Жалпы, аудан бойынша 116 шақырым автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы аудандық сессия отырысында «Бөрлі ауданын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген болатын.
- Осы кешенді жоспар шеңберінде іске асып жатырған ауқымды жобалардың бірі Подстепное – Елек Республикалық маңызы бар трассасын (36 шақырым) қайта жаңарту болып табылады. Қазіргі уақытта 108-144 шақырым жол учаскесінде реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 36-72 және 72-108 шақырым аралығындағы жолдың 2 учаскесін қайта жаңғырту үшін КПО б.в. компаниясы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жобаларда мердігерлер анықталып, биылғы жылы құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен облыстық маңызы бар Ақсай-Теректі тас жолының (21 шақырым) жөндеу 2026 жылы аяқталуы керек. Жұмыстар бойынша жобалық сметалық құжаттама дайындалып, мердігер анықталды. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары басталмақ.
- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Жолдарымыз жақсара берсін!
Сұхбаттасқан Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы