Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Мақсұтқызымен білім саласына қатысты бірнеше сұрақтарға жауап берді.
- Айымгүл Мақсұтқызы, табиғаттың ең әдемі кезеңдерінің бірі жарқын жаз да басталды. Сонымен бірге мектеп жасындағы балалар үшін ең қуанышты күндер – каникул да келді. Ал мұғалімдер оқу жылын аяқтап отыр. Бөрлі ауданында 25 жалпы орта білім беретін ұйым бар. Ондағы оқушылар саны – 9912 екенін білеміз. Осы оқу жылы ұстаздар үшін, жалпы аудандағы білім мекемелері үшін табысты болды деп айта аласыз ба?
- Формалды түрде оқу жылы аяқталды дегенмен, білім беру жүйесінің жұмысы үзіліссіз екенін білесіздер. Алда ҰБТ бар. Жаз бойы оқушылардың демалуын ұйымдастыратын боламыз және мектепке қабылдау, жаңа оқу жылына дайындық деп кете береді ғой. Ал енді осы аяқталған оқу жылы өте табысты болды деуге болады. Мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз бірлескен іздемпаздықтың үлгісін көрсетті. 2023-2024 оқу жылында аудан оқушылары түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтиже көрсете білді. Атап айтсақ, 47 оқушы облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда, ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарға ие болды. 2024 жылы 9-сыныпты 817 түлек, 11- сыныпты 444 түлек аяқтағалы отыр. 11 сынып түлектерінің 6-ы «Алтын белгі» аттестатына, 19-ы «Үздік аттестатқа» және 9 сынып түлектерінің 28-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Ауданның қосымша білім беру жүйесінде 4 мекеме жұмыс жасайды, бұл мекемелерде 2023-2024 оқу жылында 3001 тәрбиеленуші білім алуда, қамту пайызы 30,2% құрап отыр.
Мектептердің қосымша білім беру педагогтері жүргізетін үйірмелермен 5673 оқушы қамтылып отыр. Оқушылардың денсаулығын арттыру, салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру мақсатында аудан мектептерінде әр түрлі бағыттағы 125 спорттық секциялар жұмыс жасайды. Онда қамтылып отырған оқушы саны 1392 бала.
- Мектеп табалдырығын алғаш аттау деген үлкен мәселе ғой. 1 сыныпқа қабылдау бойынша биылғы оқу жылында өзгерістер бар ма?
- Мектепке қабылдауда өзгерістер жоқ. Ережеге сәйкес бала 1 сыныпқа 6 жастан қабылданады. Басқалай жағдайы барлар болса, оны арнайы комиссия қарайтын болады. Жалпы ережеге сәйкес 3 бала мектеп аумағынан және 1 бала мектеп аумағынан тыс қабылданады. Бірінші сыныпқа қабылдау қағаз түрінде тікелей мектепте немесе еgov.kz., mektep.snation.kz веб-порталдары арқылы жүзеге асырылады. Қажетті құжаттар тізімі мектептің сайттарында жарияланған. 2024-2025 оқу жылына 1 сыныпқа барлығы 1000-нан астам оқушы қабылданады деп күтілуде. 1-сыныпқа өтініш қабылдау тамыздың 31-іне дейін жалғасады. Биыл мемлекеттік тілде оқитын сыныптар санын көбейту мақсатында ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
- Жылдан жылға ауылдардағы адам саны, соған сәйкес оқушы бала саны да азайып бара жатқаны белгілі. Осыған орай шағын ауылдардағы жабылу қауіпі бар мектептер бар ма?
- 2024 жылы ауданымызда Қарасу елдімекенінде орналасқан «Қарасу «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, яғни айтқанда Қарасу мектебінің жабылу қаупі бар. Қарасудың Успенов ауылдық округіне қарасты шағын ғана ауыл екенін білесіздер. Бірақ та, шекара маңындағы елді мекендерді сақтап қалу мемлекеттік маңызы бар мәселе болып табылады. Сондықтан Ресей федерациясымен шекарада орналасқан Қарасу (Жаңаталап) шағын жинақталған негізгі мектебін сақтап қалу қажет деп есептейміз және ауылдық әкімдікпен бірлесе отырып, осы жұмыстың оң шешімін табуға күш-жігерімізді салатын боламыз. Сондай ақ, Достық елдімекенінде орналасқан «Александров «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастауыш мектеп болып қайта құрылу қаупі бар және биыл Бөрлі ауданының «Кешкі мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жабылады.
- Білім беру ұйымдарында педагог кадрлар жетіспейтінін білеміз. Қай пәндердер мұғалімдер жетіспейтін біле отырсақ. Және кадрлармен қамтамасыз етуде қандай жұмыстар жасалуда?
Аудан мектептерінде математика, орыс тілі мен әдебиеті, оқыту орыс тіліндегі бастауыш сынып мұғалімі салаларына маман жетіспеушілігі туындап отыр. Аудан мектептері қажетті мамандарға Еңбек КЗ порталы арқылы сұраныс жасалып отырады. Ауылдық жерлердегі маман жетіспеу мәселесін «Мобильді мұғалім» жобасы аясында реттеп жатырмыз. Жалпы 2024 жылғы 1 мамырдағы есеп бойынша жалпы білім беретін мектептерде барлығы 1550 педагог қызмет етеді. Олардың ішінде 1278 жоғары білімді (82,5%), 35 магистр деңгейін иеленген (2,3%).
Аудан бойынша 2023-2024 оқу жылында 45 жас маман жұмысқа қабылданды. Ал 386 мұғалім біліктілік арттыру курсынан өтті. Бұл педагогтердің жалпы санынан 24,9 пайызды құрайды.
- Оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылуда? Балалар көңілді каникул күндерін қайда өткізеді?
- 2024 жылы ауданның 24 мектебінде 4284 оқушы мектеп жанындағы лагерьде болады. 5179 оқушыны пәндік алаңдармен қамту жоспарлануда. Мектеп жанындағы лагерьлерде тамақтану ұйымдастырылмайды, үйлерінен барып-келеді және лагерь 3 маусым 26 шілде аралығында жұмыс жасайды. Ал енді қала сыртындағы лагерьмен барлығы 115 жекелеген санаттағы оқушыны қамту жоспарлануда. 4360 оқушыны көгалдандыру және абаттандыру бригадасының жұмысына тарту ойластырылуда.
Маусым айынан бастап аудандық «Жас туристер станциясы» лагері өз жұмысын бастайды. Аталған лагерьде барлығы 280 оқушы жазғы демалыспен қамтылатын болады. «Қарашығанақ» шатырлы лагерінде 240 оқушының демалуы жоспарлануда. Осы айдың аяғында «Бөрлі ауданының жеті кереметі» экспедициясына 12 оқушы, маусым айында «Ақжайықтану» туристік-өлкетанулық экспедициясына 10 оқушыны алып бару жоспарлануда. Сонымен қатар экскурсияға Астана қаласына 24 оқушы, Орал қаласына 40 оқушы баратын болады. Ақсай қаласы мектептерінің жазғы лагерлерінде демалатын оқушыларымыз «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің бассейніне, аудандық музейге баратын болады. Белгіленген күндері Ақсай қаласының мәдениет үйінде балаларға мультфильмдер көрсетілмек. Оған Ақсай қаласы мектептерінің жазғы лагерлерінде болатын 3500 оқушыны қамту жоспарлануда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 33 және 445 ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылар, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылардың барлығын да жазғы демалыспен қамту жоспары бар. Сонымен қатар судан зардап шеккен отбасылардан 10 бала Алматы қаласының «Тау-жанашар» сауықтыру лагерінде сәуір айында демалса, мамыр айында 44 бала «Балдаурен» республикалық сауықтыру лагерінде демалды. Маусым айында 20 бала «Қазақстан Халқына» қоры есебінен демалса, 35 бала Қазақстанның өзге қалаларында демалатын болады деп жоспарлап отырмыз.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Алдағы ҰБТ-ға сәттілік тілеймін. Ал оқушыларға көңілді демалыс болсын!
Сұқбатты жүргізген Д.Нұрашова,
Бөрлі ауданы