27.10.2021, 11:20
Оқылды: 74

Бөрлі ауданның әкімі ірі супермаркет басшыларымен кездесті

Бүгінде қаламыздың сауда орындарында тауар бағасы басқа шауып, төске өрлеп тұр. Редакциямызға бағаның күн санап өсуі жөнінде арызын айтып, мұңын шағатын тұрғындар аз емес. Сондай оқырмандарымыздың бірі Г.Тұралбекованың бізге жолдаған хатын өзгертпей, сол күйі шығаруды жөн көрдік.

21

«Құрметті, редакция! Аудан халқының барлығы бірдей өңіріміздегі ірі кәсіпорында жұмыс жасамайтындығы белгілі. Дүкен сөрелердегі баға қарапайым халықтың қалтасын қағып, уайымға салуда. Қаламыз шағын болса да базарлар мен дүкендердегі баға әр түрлі. Сонымен қатар сауда орындарында тауардың бағасы жазылмайды, кім қаншаға сатқысы келсе өзі біледі. Және тауар өлшейтін таразы халыққа мүлде көрінбейді.

Бұл қалай? Азық-түліктің арзанын іздеп қаланың шет-шетіндегі базарлар мен супермаркеттерді аралап бір-бірлеп сатып алуымыз керек пе? Бағаны реттеп, халық қолжететіндей етіп, қашан саудалайды? Жалпы, бағаның күн санап өсуіне кім жауапты?»

Күн санап азық-түлік бағасының өсіуі байқалады. Бұған біреуі дизельдің өсуін, біреуі доллордың өсуін, енді бірі комуналдық қызметтердің өсуін кіналап жатыр. Қалай десекте, қарапайым халықтың қалтасын қағып, уайымын арттырған мәселе қалай шешілмек?! Бұл мәселе туралы жауаптылар не дейді?

«ПИК сағаты» акциясы бар

Ақсайдағы сауда-саттық  орындарындағы азық-түліктың қымбаттауы байқалады. Дегенмен, сөрелерде алғашқы қажеттілік тауарлар толып тұр. Сауда орталықтарындағы тауар бағамын жергілікті атқарушы органдар тікелей қадағалап отыр. Нәтижесінде халыққа қолжетімді бағада ұсынатын түрлі акциялар өткізілуде. Ал, 25 қазаннан бастап әлеуметтік дүкен іске қосылады. Бөрлі ауданның әкімі Миржан Сатқанов бағаны тұрақтандыру бойынша қаладағы ірі супермаркеттердің басшыларымен кездесті. Өңірдегі «Бәтерек», «Алтындар» сияқты сауда желілерінде  "ПИК сағаты" акциясы өткізу баға өсіміне әсер етуде. Осы жылдың көктемінде бастау алған акция аясында әлеуметтік маңызы бар тауарларға едәуір жеңілдіктер бар. Мәселен сұйық май базардағы бағадан 1 мың теңгеге арзан. Дегенмен, тұрғындар акцияның бар екендігін біле бермейді. Сондықтан, аудан әкімі Миржан Сатқанов акция уақытын  8.00-11.00-ден емес, түскі немесе кешкі уақытқа ауыстыруды тапсырды.

-Мемлекет басшысы атап өткендей әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу жергілікті атқарушы органдардың ұдайы бақылауында болуы тиіс. Бұл ретте, аудан орталығы Ақсай қаласының тұрғындар көп шоғырланатын сауда нысандарындағы азық-түлік бағаларына шолу жүргіздік. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны ұстау мақсатында «Бәйтерек», «Алтындар» супермаркеттер желісінде көктем айларында бастау алған « ПИК сағаты» науқаны жалғасуда. Науқанға сәйкес таңғы 8:00-ден 11:00-ге дейін әлеуметтік қоржындағы тауарлар өзіндік құнымен немесе тек қана 5% көтерме құнмен сатылады. Сауда нысандарының басшыларымен жүргізілген алдын-ала келісімге сәйкес аталған науқанды кешкі 17:00-ден 20:00-ге дейін ұзартуға қол жеткіздік, - деді аудан әкімі Миржан Сатқанов.

Әлеуметтік дүкен

Ал, 9 бірдей дүкендер желісі бар өңірдегі ірі сауда орнының "Бәйтерек" супермаркетінің жаңа базар аймағындағы дүкені 25 қазаннан бастап көтерме бағада жұмыс жасайтын болады. Аталған дүкен қазір тауарға 15 пайыз үстеме қосып отырса, 25 қазаннан бастап барлық тауарлар тек 7-8 пайыз үстемемен саттыққа шығарылады. Бұл жаңалық тұрғындардың тұрмысының жақсаруымен қатыр, әлеуметтік маңызы бар тауарларды негізсіз өсіруге жол бермейді.

-Бұдан басқа, жергілікті кәсіпкер Айбек Омаровтың бастамасымен Жастар көшесінде орналасқан «Бәйтерек» супермаркетінде барлық тауарларға тек 8% пайыз қосымша құн белгіленді. (Негізінен супермаркеттерде тауарларға 17% қосымша құн белгіленеді). Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Желаев наубайханасына Ақсай қаласының 10-шы шағынауданынан жер телімі беріліп, нан бұйымдарын жүзеге асыратын сауда орны орнатылды,- деді аудан басшысы.

Миржан Сатқанов атап өткендей, «көше саудасын жүзеге асыратын 100 орын» жобасының аясында Ақсай қаласы бойынша 10 орын белгіленген.

-Қызығушылық білдірген кәсіпкерлерді жобаны бірге іске асыруға шақырамын. Толығырақ ақпаратты аудандық кәсіпкерлік бөлімінен 40-0-59 нөмірі бойынша ала аласыздар. Жалпы қорытындылай келе, аудандағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Бағаны тұрақтандыру бағытында ауыл шаруашылық жәрмеңкелер және науқандар ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Жергілікті билік күнде баға нарығын бақылап, халықтың әл-ауқатын әлсіретпеуге тырысуда.

20

Аудан орталығындағы азық-түлік сататын ірі сауда орталықтарын аралауға аудан әкімімен бірге БАҚ құралдары қызметкері ретінде бірге жүрдік. Бір жақсысы, дүкен сөрелерінде азық-түлік түрлерінен молшылдық. Құс сүтінен басқаның бәрі бар. Тек биылғы жылдың басында баға тиындап өссе, қазір кәдімгідей көзге ұрып тұр.  Жергілікті тұрғындар «азық-түлікті қымбаттатып сатып, тек өз қалталарын ойлайды» деп дүкен иелерін кінәласа, кәсіпкерлер: «қазір көтерме сауда жасаушылар «оптовиктер» тауарды қымбатқа алып келеді, алмайын десең, не сатамыз деп ойлайсың» деп шындарын айтып жатыр.

Бүгін ірі сауда дүкендерімен бірлесе отырып, жергілікті билік баға нарығын бақылауда ұстап, халықтың әл - аухатын әлсіретпеу үшін түрлі шаралар алуда.  Ертең...ол ертең болады..

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале