3.09.2024, 17:59
Оқылды: 110

Бөрлі ауданы: Ақбұлақтағы оң өзгерістер

Жақында Бөрлі ауданы Ақбұлақ ауылдық округінде жазғы сахна ашылды. Жазғы сахнаның лентасын ауыл әкімі Ерлан Өмірғалиев және жергілікті қауымдастық кеңесінің төрағасы Мақсот Молдаш кесті. Ауыл әкімі мен Ақбұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдем Сейтов сөз сөйлеп, ауыл халқын құттықтады. Кеш барысында Жәрдем Жексенұлы халықтың дауысымен және ақсақалдар кеңесінің хаттамасымен дайындалған «Халық алғысы» атты алғысхатты ауыл әкіміне табыстады. Сөйтіп, халық ауылдың дамуына жасап жатқан жұмыстары үшін ауыл әкімін марапаттады. Ерлан Болатұлы Конституция күні аясында ауылдың дамуына өз үлесін қосқан жандарға алғысхаттар табыстады.

Ақбұлақ

Ақбұлаққа барғанымызда ауыл әкімі Ерлан Өмірғалиев атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Жыл басынан бері ауылда көптеген жұмыстар атқарылыпты. Соның ішінде көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қауіпті, су келуі мүмкін жерлердегі үйлерге барып, халыққа ескертіп, көмек көрсетілген. Ауылға қатынайтын жолды су шайып кетуіне байланысты ауыл азаматтары бірігіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Көп уақыттан бері шешімі табылмай келе жатқан фельдшерлік пункт мәселесі де шешімін тауыпты. Жыл басынан ауылда жарық, су мәселесінен қиындық туындамаған екен. Боран, жел, тасқын уақытында да жарықтың өшпеуін қамтамасыз ету үшін ауыл әкімі электрикпен бірге жүріп жұмыстанған.

451477073_1552642365656770_5222333753150863568_n

- Ауылымыздағы басты мәселелердің бірі - әлеуметтік нысандар орналасқан көшелердің жолы. Осы мәселені шешу үшін «Юнисерв» ЖШС-мен келісімге келдік. Компанияның ауыр жүк көліктері карьерге бару үшін біздің ауылдың ішімен өтеді. Сол үшін біз оларға ауылымыздағы маңызды көшелердің жолдарын түзеп беруін сұрадық. Алдымен бор, кейін құм төсеткіздік. Қазіргі уақытта ауа-райына қарамай, жаңбырлы күні де Абай көшесі және мектеп, фельдшерлік пункт, ауылдық клубқа баратын жолдарда көлік балшыққа батпайды. Сонымен қатар жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға да көмек көрсетіліп тұрады. Қыс мезгілінде ауылымыздың тұрғыны, жалғызбасты әйел келіп, үйінде газ жоқтығын айтты. Біз оған отынмен көмек көрсеттік. Ал жаз шыққанда демеуші іздедім. Содан «Алғабас» шаруа қожалығының басшысы ұсынысымызды қабылдап, жалғызбасты әйелдің үйіне газ кіргізіп, демеушілік жасады. Ауылымыздың саябағындағы «Менің Ақбұлақ» атты жазуды 69 жылғы түлектер өз қаражаттарына жасатты. Ақсақалдар кеңесімен ақылдасып, демеушіліктің арқасында саябақтағы ағаштарды суаруға су жүргізу үшін ескі мұнараны жөндеттік. Ауданнан бөлінген қаражатқа былтырғы жылы жоспарлап қойған жұмыстарды атқардық. Саябақтың ішін абаттандырып, 12 отырғыш, брусчатка, қоқыс салатын жәшіктер,12 жарық шам орнатылды. Және жазғы сахна жасалды. Сонымен қатар волейбол, баскетбол ойнауға арналған алаң ашылды, - дейді ауыл әкімі Ерлан Болатұлы.

Сонымен қатар ауыл әкімі келесі жылға қойылған жоспарлармен де бөлісті. Олар ауылдағы 2 аялдаманы жөндеу, су ағатын каналдар жасау, ағаш бағаналарды цементке ауыстыру және Абай көшесін асфальттау. Ауылдағы осы оң өзгерістер көз қуантады.

Айдана Абдрахманова, 

Бөрлі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале