Бөрлі аудандық білім беру мекемелері жас мамандармен толығуда. Биылдың өзінде өңірге отыз бес жас маман келді. Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов бүгін жас ұстаздармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі. Дәстүрлі тамыз кеңесімен жалғасқан шарада аудан ұстаздары онлайн форматта қосылып, жаңа оқу жылының ерекшеліктері мен жаңа міндеттерді сөз етті. Аудандағы білім саласына баға беріп, өткен оқу жылы қорытындыланды.
Жас келсе – іске» деген дана халқымыз жастарымызға әрқашанда сенім артып, қолдау көрсетіп отырған. Кездесуде осы бағытта әңгіме өрбіп, ел болашағы жастарымызға жас ұрпақты тәрбиелеп, сапалы білім беру мемлекетіміздің дамуының басты бағыттарының бірі екені айтылда. Ауылға келген жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сай жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Кеңесте аудан әкімі Миржан Сатқанов аудан ұстаздарын биылғы ерекшелігі көп оқу жылының басталуымен құттықтады.
Ауданның білім беру саласында жағымды жаңалық көп. Ардагер-ұстаз Надежда Шиганакова ҚР «Еңбек ардагері» медалімен, ал Ақсай қалалық N2 орта мектебінің директоры Алтын Қадырғалиева «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ақсай қалалық №6 мектеп-лицейі облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанып, облыс әкімінің арнайы грантын иеленді. Мұның барлығы білімін шыңдап, біліктілігін арттыратын шәкірт пен ұстаздың алаңсыз жұмыстануына жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Өткен оқу жылында 474 түлек мектеп бітіріп,оның 137-сі мемлекеттік, 3 түлек облыс әкімінің білім гранттарын ұтып алды. Биыл аудан мектептері жаңа оқу жылында 9313 оқушысымен басталғалы тұр. Бір мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды.
Биылғы қашықтықтан оқу жүйесіне орай аудандағы аз қамтылған отбасылардың балаларына 500-ден аса компьютер мен 600 планшет алынып, табысталды.
Мұғалімдердің басқосуында өңірдегі білім беру сапасы туралы ойлар ортаға салынып, сала үздіктері марапатталды.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz