2.07.2025, 11:45
Оқылды: 299

Бөрлі ауданы: Би өнеріндегі жарқын жеңіс

Би – бұл тек қимыл ғана емес, жан дүниенің сөзсіз тілі. Би арқылы жастар өз ойын, ішкі әлемін, тарих пен болашаққа деген көзқарасын білдіре алады. Осындай жан тебірентер өнермен айналысатын жас дарындарымыздың бірі – ауданымыздың Бөрлі ауылынан шыққан бишілер тобы. Олар жуырда Алматыда өткен «Алматы дарындары» атты халықаралық балалар және жастар шығармашылығы байқауында өнер көрсетіп, үлкен жетістікке жетті.

Бишілер жеңісі (2)

Ауыл балалары үшін бұл байқауға қатысу – тек өнер көрсету ғана емес, өзін дәлелдеу, армандарға бір қадам жақындау, шабыт пен сенімнің жаңа деңгейіне шығу. Осы бағытта үлкен шығармашылықпен жұмыс атқарып келе жатқан Қарлығаш Қадырбекованың Өнер орталығы «ККК-Бөрлі». Орталықтың  тәжірибелі хореографтары Жанар Тайшыбаева мен Камила Тасмұратова – балаларға тек бидің техникасын ғана емес, сахнаға деген құрмет, еңбектің қадірін де үйретіп келеді. Бұл ұстаздардың жанкешті еңбегі мен би өнеріне деген шынайы махаббаты шәкірттерінің әр қимылынан көрініп тұрды.

Байқауды ұйымдастырған – «Ғажайып жұлдыздар» фестиваль қозғалысының директоры Қарлығаш Ақылова мен «Hermes Travel Agency» компаниясы. Конкурс шынайы және кәсіби деңгейде өтті. Қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлерінен құралған кәсіби қазылар алқасы жабық дауыс беру арқылы бағалады. Бағалау барысында әртістік шеберлік, орындау техникасы, музыкалық рәсімдеу және қойылым композициясы сияқты маңызды критерийлер назарға алынды.

Жас бишілеріміздің «Движуха» эстрадалық биі (хореограф К.Тасмұратова) көрермен мен қазыларды бірден баурап алып, Гран-при жүлдесіне лайық деп танылды. Ал «Тарих рухы» (хореограф К.Тасмұратова) атты стилизацияланған қойылымдық би І орынға ие болды. Бұл жеңіс – жай ғана атақ немесе марапат емес, ол ауыл балаларының биік армандары мен тынымсыз еңбегінің жарқын нәтижесі, ата-аналар еңбегінің ақталған үміті.

Конкурс бағдарламасы аясында өткізілген экскурсиялар – «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау курорты, Көлсай көлі мен Шарын шатқалы – балалар үшін рухани байлықтың қайнар көзі болды. Олар тек сахнада ғана емес, табиғат аясында да шабыттанып, елінің сұлулығын сезініп, болашақ шығармашылықтарына күш-жігер жинады.

Бишілер жеңісі (1)

Шырайлы жазғы демалыс басындағы бұл оқиға – жастардың, әсіресе ауыл жастарының үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізе алатынын дәлелдейтін айқын мысал. Егер жанында бағыт көрсететін ұстаздары болып, өнерге деген махаббаты болса, олар қай ортадан шықса да, биіктерді бағындыра алады.

Бөрлілік жас бишілердің бұл жеңісі – ауыл мәдениетінің дамып келе жатқанының, өнерге деген көзқарастың тереңдегенінің және ең бастысы, дарынды жастардың өз жолын таба алатынының айғағы. Бұл тек бастамасы. Алда талай сахна, талай жеңіс, талай шабыт күтіп тұр.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале