14.03.2024, 23:00
Оқылды: 41

Бөрлі ауданы: Қанайда мобильді қабылдау өтті

Бүгін Бөрлі ауданына қарасты Қанай ауылдық мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті.

InShot_20240314_225019669

Қабылдауға «AMANAT» партиясы БҚО филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова қатысты. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың депутаты Анвар Агаев, «AMANAT» партиясы Бөрлі аудандық филиалының төрағасы Орынбасар Төлемісов және Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрберген Әбденжановтар тұрғындармен кездесті.

InShot_20240314_225213171

Қанай ауылы тұрғындарының қойған сұрақтары әртүрлі бағытта болды. Бірі ауылға кіреберіс жолдың мәселесін айтса, кейбір тұрғындар Бөрлі – Қанай бағытындағы тіке жол туралы мәселе көтерді. Ауылдағы мектепте ата-аналар балаларын қазақ сыныбына емес, орыс сыныбына оқуға беретіні де көпшілікті толғандырып отырған маңызды мәселе.

Соңғы мәселеге кеңірек тоқталсақ, Қанай ауылдық мектебінде қазір 103 бала бар. Оның 23-і балабақша тәрбиеленушілері. Балабақша негізінен 25 орынға арналған, бірақ қазір 2 орын бос. Балабақша тек мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Ал мектепке барған балаларды ата-аналары орыс сыныптарына береді екен. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша қазақ сыныптарында балалар аз. Сонымен қатар ауылда қазақ тілінде оқитын 6 және 7 сыныптар сабақты бірігіп оқыса, ал орыс тілді сыныптарында әр сынып бөлек білім алады.

- Ауылда жаңа мектеп ашылса дейміз. Жақын уақытта ауылымызда «Жайлы мектеп» бағдарламасы арқылы 60 орындық мектеп салынады деп естідік. Жаңа мектеп ашылса, ескі мектепті балабақшаға ғимарат ретінде берсе екен деген тілегіміз бар. Қазіргі уақытта ауылда балабақша мен мектеп бір ғимаратта орналасқан. Бізге мектептің екі бөлмесін бөліп беріп отыр, - дейді балабақша тәрбиешісі Гүлмира Бейсенбаева.

Бұл көтерілген мәселеге ауыл әкімі жаңа мектеп салынғаннан кейін ескі мектепте балабақша және бастауыш сынып қалатынын айтып өтті. Ал жаңа мектепте 5-сыныптан бастап оқитынын мәлімдеді.

InShot_20240314_225038749

Мобильді қабылдау соңында тұрғындарды қабылдаған Гаухар Жәрдемқызы мен партия депутаттары аталған мәселені назарда ұстап, жұмыстанатындарын айтты.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале