Тақырыпты оқып ауданға қасқыр келіп қалған екен деп шошып жүрмеңіз. «Қасқыр» дегеніміз – көшедегі қаңғыбас иттер. Ел арасы көктем басталып, мал өріске шыққалы тағы шуға көмілді. Осыған дейін қорадағы малды қырып кетіп жүрген қаңғыбас иттер енді бақташысынан қорықпай далада жатқан қойды аңдитын болыпты. Бұған тіпті кезекке қой бағатындар күнде куә болып жүр.
Сурет: сайт архивінен
Көздерін бақырайтып қаңғыбас иттер қойдың қасына келіп, «бақылап» бүгін мына қойды жейміз деп сұқтанып, «белгі салып» кететін болған.
Бөрлі ауданында бұралқы иттердің қорадағы малға шабуыл жасауы құлақ үйренген жаңалыққа айналды. Соның салдарынан жұрт шығынға ұшырап, өтемақысын кімнен аларын білмей зар қақсап жүр. Өйткені жауапты мамандар иттің иесі болмаса ешқандай ақы өндіруге мүмкіндік жоғын айтады. Ел тыныш күнде қорадағы малымызды итке жегізіп, қалай қол қусырып отырамыз деп күйініп отыр.
– Осыдан екі жыл бұрын қорамызға қаңғыбас иттер түсіп қойымызды қырып кетті. Тіпті қойды қасқырша тартып тастаған. Тағылықтары сондай жабайы қасқырдай қойды тамақтан бауыздаған. Содан шу көтеріп, ветстанциядан мамандар келді. Бәрін бейнетаспаға жазып, түсініктеме алды. Учаскелік полицияға да түсініктеме бердік. Сол түсініктеменің негізінде иттерді атты. Былай атуға болмайды дейді. Бақандай он қойымыз өлді. Оған ешқандай ақы да, төлем де жасалмады. Содан мал ұсатауға қорқатын болдық. Одан кейін де тағы осындай оқиғалар болғанын естідім. Әсіресе, біздің Қызылталда, сосын Шанхайда, Пугачев ауылдарында жиі болады екен. Иттер аш болғасын жыртқыштығын жасап тұр. Бір күні адамға да шабуы ғажап емес, - дейді Гүлфия есімді қала тұрғыны.
Бұл жерде үй шет жақта, содан шапқан болар деп жәй қараңыз. Енді тіпті айналасы түгел қоршалған. Жан-жағының бәрі үй болса да ауланы қазып кіріп, қойға шапқан оқиғаны естідік. Былтыр күзде «Құрылыс 4» шағынауданында осындай оқиға тіркелген. Үй иелері үйде жоқ кезде иттер қойға шауып бес қойды өлтірген.
– Бәріміз үйде жоқ кезде қойға ит шапқан. Біреу емес бірнеше ит болыпты. Оны қайта көршім көріп қалып, араша түскен. Болмағанда барлық қойымды қырып кетер еді. Ауланың барлығы қоршалып тұр. Соған қарамай жерді қазып артқы жақтан кірген. Үйде адам жоқ екенін де біліп тұрғанын қарасаңыз. Тіпті қойды алқымынан тістегенде тура қасқырдың шабуылы секілді. Бұған қарап иттер әбден жыртқышқа айналып кеткенін байқауға болады. Содан іздеп едік таба алмадық. Айналғанда бес қойымнан айрылып қалдым. Оның өтемін ешкім төлеген жоқ. Мұндай оқиғалар жиілеп кеткенін байқап отырмын. Сосын биыл қойымды далаға бағымға апарып тастадым. Өйткені иттердің қайта келіп шаппасына кім келіп. Бұның бір амалы болуы керек шығар дейді, - қала тұрғыны Демеуғали.
Осы тұста аудандық ветеринарлық бөліміне сауал жолдаған едік. Мамандар ұсынған мәліметтерді сөйлетіп көрелік. Алдымен иттер шығын келтірген мал басына өтемақы беру ветеринариялық станцияның құзіреттілігінде жоқ екеніне нараз аударған жөн. Иесі болса, ол басқа әңгіме. Ал қаңғыбас иттердің залалына бөлім жауап бермейді.
Ветстанция бөлімінің жауапты мамандарының айтуынша, 2023 жылдың басынан қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жою үшін 746 қала тұрғынынан өтініш келіп түскен. Ауданымызда 2023 жылдың басынан бұралқы иттердің адамдарды тістеу оқиғасы бойынша 169 оқиға тіркеліп, үй жануарларына шабуыл жасау бойынша 12 оқиға, үй құстарына шабуыл жасау бойынша 17 оқиға тіркелген екен.
2024 жылдың басынан 113 бұралқы ит ауланып, жансыздандырылған. Бөрлі ауданы бойынша https://rfid-x.kz/ жүйесінде 2043 бас ит-мысық тіркелді, оның ішінде 1521 бас бұралқы, 522 иесі бар жануарлар көрінеді. Бірақ біз көріп жүрген көрініске назар салсақ, сандар бұдан әлдеқайда көп екені анық. Көшедегі иесіз итті санап, оның нақты санын шығару әсте мүмкін емес. Өйткені иесі бар жануарлардың өзі тіркелмей жатады.
Мамандар тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, үй жануарларын тіркеу қажеттігін үнемі ескертіп отырады. Дегенмен біздің тұрғындар бұл жағына келгенде құлықсыз екені рас. Бұл да мәселенің одан әрі өршіп, қаңғыбас иттердің көбеюіне әсер ететіні сөзсіз.
Бізге берілген мамандар мәліметіне сенсек, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Пугачев ауылында иттердің қойға шабуылы бойынша алты өтініш келіп түскен. Иттердің шабуылының алдын алу мақсатында аулау жұмыстары жүргізілуде дейді. 2024 жылдың басынан қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жою үшін 75 тұрғыннан арыз қабылданған. Оның ішінде 9-ы өз итін ұйықтату туралы болса, алтауы иттердің қойға шабуылы туралы шағым. Қазіргі таңда келіп түскен өтініштерге сәйкес ветеринария мамандары 179 бас итті аулап, өтініштер бойынша жұмыстануда екен. Қаңғыбас иттерді аулау кезінде жануарларды қорғау ұйымдарымен ешқандай келіспеушіліктер туындамады. Ветеринариялық станция ҚР-ның «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» Заңының шеңберінде ит аулау жұмыстарымен айналысады. Иттерді тіркеу және құжат жасау жұмысы уақытылы жүргізілуде, иттерге жоспар бойынша екпелер салынып жатырған көрінеді.
Ветстанция мамандары жылдың басынан бастап тұрғындар арасында иттер шабуылы бойынша оқиға тіркелгенін айтады. Алайда біздің сұрағымызға қанша оқиға екені туралы толық мәлімет берілмеді. Дегенмен иттердің адамға шабуы да болып жатқан оқиға. Жауаптылар иттерді Ақсай қалалық мал дәрігері және аудандық эпизоотия мамандары тексеріп, қаңғыбас иттерге екпе салынып, тұрғындарға анықтамалар берілді дейді. Алайда ол анықтама енді иттердің шабуыл жасамайтынына кепіл болмайды. Анықтамасы бар адамға ит қайта шаппайды немесе мұндай оқиғалар мүлде болмайды деген сөз емес. Қайғылы жағдай болмағасын әзірге жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Алайда неге осы мәселені біржақты етпеске деген ой келеді. Өйткені бұл селқостықтың түбі үлкен қайғылы оқиғаларға апаруы мүмкін.
Ауыл ішінде қойға ит шапқан оқиғалар тағы да тіркеліп жатыр. Тұрғындар оның ветстанция мамандарына айтып, хабар бермеген. Мысалы осы айдың басындағы бір он күннің ішінде Қызылтал ауылында осындай үш оқиға тіркелген. Қой кезек кезінде қалып қойған бір қойды далада иттер тартып кетіпті. Иесі өлейін деп жатқан жерінен тапқан. Алайда ол да ауылдан алыс емес жерде. Ал енді екі оқиға ауылдың тап ішінде болды. Жайылып жатқан қойға иттер шауып, бір қошақанның ішін ақтарып тастаған.
– Иттер үйдің қасында жайылып жүрген қойларға шабуыл жасаған. Әрине қойды қараусыз қалдырғанымыз рас. Бірақ үйдің алдына келіп, ит шабады деген ой келмепті. Дегенмен жағдай солай болды. Ит шапқанда бір қошақанды өлтіріп, қалған қойлар шығынып қашып кеткен. Түнімен іздеп келесі күні таңда әрең таптым. Бәрін қырып тастағанда не болар еді. Қой кезек баққан тұрғындар үш-төрт иттің қойды айналшықтап алыстан бақылап жүретінін айтқан еді. Меніңше бұл солардың жасағаны деген ойдамын. Қай иттер шапқанын ақыры таппадық. Қалған қойдың аман-есен табылғанынан қуандық. Енді айналаға қой жаймайтын болдық. Жіберсек те қасынан қалмай бақылап жүреміз. Өзіміз бағып отырған ақ адал малымыз ит-құсқа жем болғаны жаныңа батады. Айналамызда бұралқы иттер көп. Ашыққан кезде қойға шауып, ауызданып алған. Енді тыным бермейтін шығар деп отырмыз. Барынша сақ болып жүрміз. Малды қойшы, бір жөні болар, бір күні ойнап жүрген бала-шағаға шапса қайтпек керек, - дейді ауыл тұрғыны Ерлан.
Осы оқиғадан соң екі-үш күн өткенде тағы бір лақты иттер талаған. Демек иттер әлсін-әлсін айналып, қойға шабуды әдетке айналдырып келеді деген сөз. Ауыл тұрғындары атып көзін жоймаса бір ауызданған иттер қойға шабуды одан сайын үдетпесе, азайтпайтынын айтады. Тіпті ауыл тұрғындары қаңғыбас иттер қойды қойып, дардай бұзауға шапқанына куә болған. Бұл біз естіген оқиғалар. Біз білмейтін оқиғалар қанша...
Ит бақылаусыз, қараусыз қалса, осылай доңайбат көрсетеді. Бір кездері қаңғыбас иттерді атып, қауіпті сейілтетін ит атқыштардың да қауқары қазір шамалы болып тұр. Себебі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң аясында қорғалған мақұлықтарды себепсіз атсаң, жазаға тартыласың.
Әлгі Қарағанды облысында екі баланы ит талап, біреуі қайтыс болған, Ақмола облысында да итке таланған баланың оқиғасы көптің зәресін алды. Бетін әрмен қылсын, бірақ бейқам отырып ертең біз де осындай оқиғаға жол беріп аламасымызға кім кепіл?! Ит – иттігін жасайды деген осы...
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы