Бөрлі ауданының өз алдына дербес аудан болуы 1935 жылынан бастау алады. Қазақ автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының орталық атқарушы комитеті Президумының 1935 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен Бөрлі ауданы құрылған.
Аудан орталығы болып Бөрлі селосы бекітілген. Ақпан айының 25-26 күндері аудандық партия конференциясы өткізіліп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, яғни аудан басшысы болып А.Н. Кадочкин сайланған. 1 наурызда 60 делегет қатысқан аудандық озық қолхозшылар слеті өтеді. Ал наурыздың 7 күні өткен облыстық озық колхозшылар слетіне біздің ауданнан 24 делегат сайланған. Үздік колхозшылар слетінде көршілес Теректі ауданын жарысқа шақырып озып шығуға қаулы қабылданаған.
Жалпы ауданға берілген Бөрлі атауының қайдан шыққандығы туралы 3 нұсқа бар. Біріншісі «Борлы» сөзі, кей жерлерде кәдімгі ақ балшық көп болған. Екіншісі «Бөрілі» сөзі. Бір уақытта бөрілер, яғни қасқырлар көп болған деседі. Үшінші нұсқасы Бөрлі ауылының жанындағы өзеннің аты «Бурла» деп аталған. Бірақ бұл ат бүгінде ұмытыла бастаған. Қазіргі таңда жұртшылық негізінен алғашқы нұсқасына ден қойып жүр.
Ауданның, сонымен бірге облыстың да ең биік нүктесі Алғабас ауылының (қазіргі Шыңғырлау ауданындағы) жанындағы төбе саналған. (263 метр). Бөрлі ауылына ел қоныстануы 1900 жылдарда басталған, Приуралье ауылына 1907 жылы, Березов, Сборный, Миргород ауылдарына 1906 жылы ел қоныстанған. Өзен жағалай Утвинка, Облавка, Жарсуат, Қарашығанақ ауылдарына Орал казактары қоныстанған (А.Пестряковтың жазбасынан).
Аудан құрамында 2 кеңшар, 25 (24) ұжымшар, 30281 га егістік, 25585 бас қой, ешкі, 1356 шошқасы, 506 жылқысы, 1232 жұмысшы өгіздері мен 93 түйесі болған. Бөрлі және Қарашығанақ -2 МТС -тері де аудан құрамына кірген. Бұл көрсеткіштер сол кездегі шама бойынша бай, бақуатты аудан санатында болғанын көрсетеді. 1935 жылдың 13 тамызында шыққан «Колхозная правда» газетінің мәліметі бойынша сол кезде ауданда болған 24 ұжымшардың аттары: «Труд крестьянина», Чапаев атындағы, «Красная утва», «На страже», Киров атындағы, Крупская атындағы, Куйбышев атындағы, Карл Маркс атындағы, «Садақ», «Жетекші», «Шие сабақ», Молотов атындағы, «Берлик», Ленин атындағы, «Труженик», «Свободный труд», «Қаракемер», «Известия», «Жаңаталап», «Победа», «Тунгуш», «Жантай», «Свет», Буденный атындағы шаруашылықтар. Сондай ақ, Бөрлі және Шөптікөл кеңшарлары. Ал 1939 жылдың басындағы мәліметтерде аудан аумағының көлемі 4.7 мың шаршы метр, халқының саны 16800 деп көрсетіледі. Ауданда 1936 жылы 18 мектеп болса, 1940 жылы 20 мектеп жұмыс жасаған. Онда 864 оқушы оқыған деген мәлімет бар. Ауданда білім беру, сауат ашу жұмыстары өте қарқынды жүргізілген. 1500 ересек адам кешкі мектептерде оқыған.
Жалпы аудан тарихы туралы 1935 жылы қарашаның 7 күні шыққан Бөрлі аудандық «Колхозная правда» газетінің 104 санындағы Ескі Бөрлі (Старый Бурлин) атты мақалада былай деп жазылған:
«Осыдан 50-60 жыл бұрын Бурла өзенінің бос жатқан жағалауында ауыл пайда болды. Оның айналасы ондаған шақырымды алып жатқан көгорай шалғын, жайылым болатын. Осынау игерілмегекн тың жер адамдарды еріксіз өзіне тартататын.
Уақыт өте берді. Ресейдің алыс қиырларынан осынау Бөрлінің сулы да нулы жағалауына қоныс аударушылар көптеп келе бастады. Олар осы жерде тұрақтап қалатын және өмір бастайтын жер іздеп келіп жатты. Олар іздеген жерлерін тапты да. Бірақ бұл жер Маргомбет байдың иелігінде болатын. Көп ұзамай бұл жерге Бичевиндер, Сектименковтар, Белый, Гужбедалар және басқа да байлар бірлесе отырып ең жақсы, ең шұрайлы жерлерге иелік етеді. Ал алыстан бақыт іздеп келген қоныс аударушы батырактар отбасыларын асыру үшін осы байлар мен кулақтарға жалдануларына тура келеді».
Аталған мақалада «Труд крестьянина» ауылшаруашылық артелінің қолхозшысы Лаптиев Ефим Петровичтің, алыс Полтавадан бақыт іздеп қоныс аударған Иван Качко мен Пащенко Осиптің аты аталады.
Сол сияқты газеттің аталған нөмірінде қазір жабылған, бұрын аты дүрілдеп тұрған Березов селосы туралы да мақала бар. Мақалада Березов ауылында 120 үй бар екендігі, бастауыш мектеп, клуб, кітапхана, радиоторабы, почта, сберкасса жұмыс жасайтыны айтылады. Және ұжымшарда 4 автокөлік бар екендігі мақтанышпен жазылған. Ұжымшарда 1 агроном, 1 ветфельшер, 1 санфельшер, 3 шофер, 6 комбайнер, 62 тракторист жұмыс жасаған. Березов бұрын «Труженик» деп аталған және ұжымшар төрағасы, «Адал еңбегі» үшін медалінің иегері В. Ведяшев болған. Сондай ақ мақалада тракторшылар бригасының бригадирі В. Антоненко, жылқышы Ф. Емельяненко, Ленин орденінің иегері, атақты комбайншы А. Бакутаның аттары үлгілілер қатарында аталады.
«Колхозная правда» газетінің 1938 жылдың 29 қазан күнгі, яғни Ленин комсомолының туған күніне арналған нөмірінде ауданның ең үздік жастарының (Лучшая молодежь района) тізімі жарияланған:
Т.Клевак-комбайнер, И.Выходец-комбайнер, В.Заиченко-комбайнер, С.Кудряшов - комбайнер, Г.Коваленко - комбайнер, И.Базарный-комбайнер, И, Друзь - комбайнер, А.Богатырев - комбайнер, М.Сидоров - комбайнер, А.Марченко- тракторист, Г.Гладченио- тракторист, Г.Ковалев - тракторист, Харько - шофер, К. Матвеев - шофер, Г.Шамшурин - шофер.
Бөрлі ауданының аудандық газеті «Колхозная правда» деген атпен 1935 жылдан бастап шыға бастағанын айта кетейік. 4 наурызда бастап 450 дана болып басылған газет 1 сәуірде 560-қа, 1 мамырда 750-ге жетеді. 1957 жылға дейін осы атаумен шығып тұрған газетке 1958-1962 жылдар аралығында «Знамя Октября» деген атау берілген. Ал 1962 жылдан 1994 жыл аралығында аудандық газет «Красный луч» атауымен шыққаны белгілі.Әрбір ұжымшарда, мекемелер мен ұйымдарда аудандық газеттің меншікті тілшісі жұмыс жасаған. 1935 жылы «Колхозная правда» газетіне меншікті тілшілерді қоса есептегенде 175 адам жұмыс жасаған және шекесінде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранмен айына 10 рет шығып тұрған. Аудандық газеттердің қай-қайсысы да орыс тілінде жазылған. «Колхозная правда» газетінің ішіне қазақ тілінде қосымша (вкладыш) салынған деген мәлімет бар. Бірақ ол қосымшаны еш жерден кездестірмедік. Соған қарағанда сақталмаған болу керек.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы