Бөрлі ауданында иесіз жүрген мал және олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары – күн тәртібіндегі мәселеге айналған. Өткен 2023 жылдың өзінде аудан аумағында 20 жол-көлік оқиғасы болса, соның 18-і үй жануарларының кесірінен. Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен баспасөз жиынында Бөрлі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков айтты.
«Абырой болғанда бұл жол-көлік қақтығыстарында адам шығыны тіркелген жоқ. Дегенмен азаматтар түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған және материалдық шығынға жол беріліп отыр. Міне, осы мәселенің алдын алу мақсатында бүгінде аудандық полиция бөлімі тарапынан қараусыз жүрген мал иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қажет болған жағдайға жауапқа тарту жұмыстары жүргізіліп отырады. Соның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 408 бабы бойынша жауапқа тартылады», − дейді бөлім басшысы, полиция подполковнигі Сұлтан Зұлқарнайұлы.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы 2023 жылы 408 бап аясында 255 құқықбұзушылық анықталғанын жеткізді. Биылдың өзінде үй жануарының кесірінен 1 жол-көлік оқиғасы тіркеліп үлгерген. Сол себептен полиция подполковнигі азаматтарға жауапкершілікті түсінуді, мал иелеріне жолда қауіптілік тудырмауды және жүргізушілерін жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
Баспасөз жиынында Сұлтан Шалдарбеков аудандағы интернет алаяқтық фактілері де көбейгенін жеткізді. Әсіресе неше түрлі тәсілді, соның ішінде банк қызметкері болып хабарласып, тұрғындарды алдап, заңсыз ақшасын иемдену, онлайн несие алдыру оқиғалары көп. Бұл олқылықтардың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінің бастығы бүгінгі таңда қызметкерлер түсіндірме жұмыстарын күшейткенін, тіпті пәтерлерді аралап, алаяқтың арбауына түспеу қажеттігін ескертіп жүргенін жеткізді. Сонымен қатар мұндай қауіп-қатерден сақтанудың бірден-бір жолы онлайн несиеге шектеу қою екенін жеткізді. Ол элетронды үкімет порталында белгілі уақытқа онлайн несиеге шектеу қою арқылы, алаяқтарға алданбауға болатынын айтты.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz