Жақында аудан әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Отырысты аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде қаралған «жалғыз басты аналарды қоғамға бейімдеу, психологиялық еркіндік және жұмыспен қамту шаралары туралы» баяндама жасаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова биыл өз жұмысын бастаған отбасын қолдау орталығының жұмысымен таныстырып өтті. Бұл орталық мемлекеттік отбасылық саясатты жүзеге асыру, соның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық дау-дамайды шешуге атсалысады. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдауға арналған шараларды үйлестіру, оларға әлеуметтік, заңдылық және психологиялық көмек көрсетуге ықпал ету, т.с.с.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе көп қабатты үйлердегі өрт шығудың алдын алу туралы. Бұл мәселе бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Талғат Темірғалиев баяндама жасады. «Өткен 2024 жыл мен осы кезеңге дейін аудан аумағында тұрғын үй секторынан 54 өрт оқиғасы орын алды, оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлерде орын алған өрттер саны үшеу. Біздің бөлім көп қаббатты үйлерде өртті болдырмаудың түрлі шараларын алуда. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 18 отбасы есепке алынып, жергілікті атқарушы орындар мен демеушілердің қолдауымен барлық 18 тұрғын үйге датчик орнатылды. Барлығы 100 пайыз профилактикалық жұмыспен қамтамасыз етілді» - деп баяндады Талғат Айтжанұлы.
Отырыста қаралған тағы бір мәселе ауданда әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған шаралар туралы. Аталған мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ербол Аманғалиев баяндады. «2025 жылғы қаңтардың 1-нен бастап, ҚРҚК ұрып-соғу баьы бойынша 8 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде отбасылық тұрмыстық қатынастар бойынша 5 қылмыстық теріс қылық бар. Осы кезең бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылғандар (отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әркеттер) саны 36. Зорлық-зомбылықтың алғышарттарын алдын алу мақсатында профилактикалық есепке алуға жататын адамдарды анықтап, есепке аламыз, олармен жеке профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізіп отырамыз. Жүргізілуін ұйымдастырамыз. «Қолайсыз отбасы» атты жедел іс-шара тұрақты өтіп тұрады» - деді Ербол Серікұлы.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңес мүшелері баяндамаларды мұқият тыңдап, осы бағыттағы алда жасалар жұмысты талқылады.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы