Батыс Қазақстан облысында бірнеше аудан көктемгі су тасқынынан зардап шекті. Оның қатарында Бөрлі ауданы да бар. Бір қуантатыны – бірліктің туын берік ұстаған халқымыз бұл жолы да жылуы мен көмегін аяп қалып жатқан жоқ.
Көктемгі судан келер кесел туралы айтылған сәттен бастап ауданда жедел түрде құм қаптау жұмысы басталды. Сын сағатта сыр алдырмас жерлестер бұл жұмыста да тысқары қалмады. Мемлекеттік мекемелерден бастап аудан жастары, спортшылар мен ұстаздар қолдарына күрек алып, құм толтыруға кірісті. Одан бөлек еріктілер де қатарға қосылып, қаптарды толтырды.
Тасқын судың қатері бірінші кезекте Ақсу ауылының тұрғындарына тиді. Наурыздың 28-і күні Ақсудағы 50 үй суға кеткен еді. Қауіп төнген сәтте ауыл мектебінде орналасқан эвакопунктке 123 адам жеткізілген болатын. Алғашқы кезеңде ауыл тұрғындарының 70-ке жуығы ТЖМ қызметкерлерімен аудан орталығына жеткізілсе, қалған тұрғындар ауыл мектебінде тұрақтауға мәжбүр болды. Міне, сол уақытта ауылдың мектеп түлектері эвакопунктке тамақ, тазалық заттарын жеткізуге көмектескен. Бұл жандарға Ақсу «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің басшысы Ардақ Абдрахманова алғаусыз алғысын жеткізді.
Қазіргі таңда тұрғындар түгелдей қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ 24 ақсулық тұрғын Ақсай қаласының №5 мектебі жанындағы интернатқа орналастырылды. Мұнда тұрғындарға тамақтану ұйымдастырылып, санитарлық-гигиеналық заттармен түгел қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тұрғындардың денсаулық жағдайы да үздіксіз бақылауда. Аудандық аурухана қызметкерлері арасында кезекшілік ұйымдастырылып, дәрігерлер Ақсу ауылының тұрғындарының денсаулығын тексеруге міндеттелген.
Аудандағы ахуал ушығып, көктемгі су кедергі тудырып тұрған сәтте №5 мектептің интернатында орналасқан Санжар есімді бүлдіршіннің қырқынан шығару күні екені белгілі болды. Аудандық білім бөлімінің мамандары бөбектің атаулы күнін бей-жай қалдырмай, эвакопункте атап өтуді жөн көрген. Шараға ауданның ардагер ұстаздары Роза Камашқызы мен Сапия Нұрғалиқызы, ауданның бас ұстазы Айымгүл Тржановалар салт-дәстүр бойынша сәбиді бесікке салу рәсімін жасады. Ал интернат мамандары мен эвакуацияланған жандар дастархан жайды. Қысылтаяң сәттегі бұл шағын мереке тұрғындар көңілін аз да болса сейілтіп, қуанышқа бөлегені анық.
Жалпы білім бөлімі мен аудан ұстаздары көмек қолын созудан тартынып қалған жоқ. Шыңғырлау өзеніндегі су көлемі көбейген тұста Аралтал ауылын судан қорғау маңызды еді. Ал мұндайда құм толтырылған қап таптырмас құрал екені анық. Көктем кеселін туғызған сәттен бастап «НазТур» ЖШС базасында суды бөгеу үшін қапты құмға толтыру жұмыстары жүргізілген еді. Бұл жұмыстарға аудандағы түрлі мекеме қызметкерлері, ерікті аудан тұрғындары жұмылдырылды. Олардың қатарында мектеп ұстаздары да болды.
Еңбектенуші еріктілерге Ақсай қаласындағы барлық мектеп ұжымы ыстық тамақ пен шай тасымалдап, көмек берушілерді аспен қамтамасыз етті. Сонымен қатар дала жұмыстарында, Аралталда су бөгеу жұмысына қатысқан азаматтарға да ыстық тамақ таратты.
Құм қаптауға көмектескен жандар арасында ұстаздардан бөлек ата-аналар мен оқушылар да көмектесті. Мысалы, Ақсай қаласының №4 мектебінің 7-ші сынып оқушылары Әлімжан, Тамерлан мен Аят «НазТур» ЖШС-ға келді. «Қапқа құм толтыра алмасақ та қаптың аузын байлау үшін жіп кесіп отырмыз. Қолымыздан келетін көмек әзірге осы», − деген балалар барынша көмегін аямады. Сонымен қатар №4 мектеп ұжымы, ата-аналар комитеті тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға киім-кешек жеткізіп, екі оқушыға мектеп формасын сыйлады.
№3 мектеп жанындағы «Жүректен жүрекке» еріктілер корпусы да көмек беруден тыс қалмады. Мектеп мұғалімі Динара Малкаулова мен «Жас дарын» қоғамдық қорының төрайымы Татьяна Ищенка бастамасымен оқушылар ыстық шай мен бауырсақ, бәлішті өздері дайындап, таратты. Өзара ұйымдастырылған кезекшілік бойынша оқушылар аудан орталығында тасқын суды тоқтату мақсатында жұмыс істеп жүрген ТЖМ қызметкерлеріне тамақ таратты.
Аудандағы құқық қорғау қызметкерлері де бұл күнде тәулік бойы қалтқысыз қызмет етуде. Полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке тартылып, су басу қаупі бар аймақтарды күзетуде. Нұсқаулық бойынша өткен жиналыста құқық қорғаушы қызметкерлері жұмыс жоспарын анықтап, бірігіп жұмыс істеу алгоритмі бекітілген. Одан бөлек, су сору жұмысын жүргізу орындарында патрульдік полиция жолды жабуға да жұмылдырылған. Сонымен қатар полиция қызметкерлері суға кеткен аумақтардағы мародерлік фактілерді алдын алу, тұрғындарды құтқарып, олардың мүлкін көшіруге көмектесіп жатыр.
Ақбұлақ ауылы былтыр көктемгі судың кеселін көрген ауылдың бірі. Қиын қыстау кезеңде көмектің қандай маңызды екенін бұл ауыл тұрғындары анық біледі. Сондықтан биылғы ағын су алып келуі мүмкін ауылдарға көмек беруден аянып қалған емес. Мысалы, Ақбұлақ ауылының тұрғындары екі мотопомпа мен құрал-саймандарын алып, Пугачев ауылына барып, арнайы көмектесті.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz