4.04.2024, 19:00
Оқылды: 32

Бөрлі ауданына «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалынан гуманитарлық көмек жетті

Бүгін Бөрлі ауданына Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек жетті.

Аманат (3)

Барлық келген көмек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Добро Аксай» еріктілер тобының құрған волонтерлық пунктіне орналастырылды.

Осы жерден әрі қарай су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға, отбасылар мен эвакуациялық пункттерге жеткізіледі.

Бурли су көмек

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалынан келген гуманитарлық көмекті жеткізу үшін бүгін ауданға «AMANAT» партиясы БҚО филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязова мен Орал қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Нұрболат Исмағұлов келді.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы тарапынан гуманитарлық көмек 28 наурыздан басталды.

- Ең бірінші болып бізді БҚО мәслихаты мен Орал қалалық мәслихатының депутаттары және «AMANAT» партиясының облыстық, аудандық филиалдарының қызметкерлері қолдады. Олар су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударған болатын. Осының негізінде 28 наурыз күні ең алғашқы көмек Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына жеткізілді. Содан кейін Сырым ауданынының Жымпиты ауылына, мен Теректі ауданының Аңқаты және Подстепной ауылдарына бірнеше мәрте көмек берілді. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасымен 25 тонна гуманитарлық көмек Орал қаласына келген. Сол көмекті аудандарға бөліп, эвакуациялық пункттерде орналасқан тұрғындарға жеткізу үшін бүгін Теректі ауданының Подстепной ауылы мен Бөрлі ауданына келіп отырмыз. Бізбен «Жастар Рухы» Жастар қанатының еріктілері де бірге келіп, гуманитарлық көмекті аудандарға бөліп, жеткізу жұмыстарын жүргізді, - дейді Гауһар Жәрдемқызы.
Аталған көмектен ауданға 2 тонна жарымдай азық түлік және 20 данадан төсек-орын, яғни көрпе-көпшіктері және тыстарымен бірге әкелінді.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласынан келген көмекті екі ауданға жеткізіп үлгеріпті. Қалғандары жылы, жарық қоймаға сақтаулы. Сол жерден алдағы уақытта аудандар мен ауылдардағы зардап шеккен отбасыларға жетеді.

Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале