Бөрлі ауданына іссапармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төрағалиев пен Ләззат Рысбекова келді. Алдымен жұмыс сапары Пугачев ауылында орналасқан «Аманат» шаруа қожалығынан басталды.
Шаруашылық басшысымен кездесіп, жұмысшылардың жай-күйімен танысты. Одан соң түшпара дайындайтын «БатысДосТау» ЖШС-нің жұмысымен танысып, жұмысшылармен пікір алмасты. Ақсай қаласындағы Бөрлі аудандық ауруханасының жедел көмек сапасын арттыру мақсатындағы ғимаратына барды.
Ауданның бас дәрігері халықаралық стандартқа сай салынған ғимаратта компьютерлік томография және оттегі ылғалдандырғышы бар өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталғанын жеткізді.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының денсаулығы мен вирусқа қарсы вакицна егу жұмыстары туралы да сөз қозғалды.
- КПО компаниясының қолдауымен салынған ғимарат тұрғындарға халықаралық стандартқа сай қабылдау жүргізу үшін аса қолайлы. Біздің өңіріміздегі баламасы жоқ орталық. Бүгінгі таңда ауданда дәрігер жетіспеушілігі де ақырындап өз шешімін тауып келеді. Осыған дейін ақ халаттылардың жетіспеушілігі 50 пайыз болса, қазір 80 пайыз маманмен қамтылды. Дәрігерлерді үймен қамту мәселесі де бір ізге түсті, - дейді аудан әкімі Миржан Сатқанов.
Сенат депутаты Н.Төреғалиев: «Халыққа медицина саласындағы көрсетілетін қызметтердің жаңа бағытта өзгеріп, цифрландыруға көшіп жатқандығын үнемі түсіндіріп отыру керек. Ел өзгерістерді назардан тыс қалдырмай, сауатты болуы үшін жергілікті учакелік дәрігерлер барлық жаңалықтарды айта жүруі тиіс. Елдің ақпараттандырылуы алдымен оны жеткізуге тікелей байланысты», - деді өз сөзінде.
Сенаторлар одан әрі Ақсай-Қарашығанақ-1 ықшамауданындағы 9 қабатты тұрғын үй құрылысына атбасын тіреді.
Кездесу барысында мердігер компания жұмысының жүйелі атқарылып жатқандығы айтылды. Алайда қаржы жетіспеушілігі туралы да сөз болды. Ақсай қаласы №6 мектеп-лицейінің бүгінгі тыныс-тіршілігін бақылаған сенаторларға мектептегі жаңа сыныптар көрсетілді. Онлайн оқудың артық-кемшіліктері туралы, мектептегі қауіпсіздік мәселелері тілге тиек етілді. Осы тұста қаланың 10-ықшамауданына тағы бір мектептің қажеттілігі туралы да айтылды.
Сапар Қызылтал шағынауданының Строительный 1, 3 көшелерін электр жүйесімен жабдықтау және автомобиль, жаяу жүргінші жолдарының құрылысымен танысумен жалғасты.
- Жол жөндеу жұмыстарын мердігер компания уақытында бастады. Бүгінгі күні жұмыстың жартысынан көбі орындалды. Алайда бұл жерде де қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр. Қаржының 30 пайызын алған мердігер өзінің қаражатымен жұмыстарды жалғастыра бермек, - деді ТҮКШ және автомобиль жодары бөлімінің басшысы Дастан Ақмамбетов.
Құрылыс барысын аралап, аудандағы жүмыспен танысқан сенаторлар аудан әкімшілігінің кіші залында аудан активімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz