24.12.2024, 23:35
Оқылды: 78

Бөрлі ауданында 132 тұрғын үйдің кілті табысталды

Бөрлі ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 2566 азамат тұрса, соның ішінде 1353 азамат әлеуметтік осал топ өкілдері болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бөрлі ауданында әлеуметтік осал топтағы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 132 тұрғын үй республикалық және облыстық қаражат есебінен сатып алынған.

a8965659-9e6f-4c50-9bfa-9394551f4f8e

Аудан халқының өмір сүру сапасын арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында сатып алынған үйлер ауданымыздың Бөрлі, Пугачев, Аралтал, Кеңтүбек, Қарақұдық, Успен, Ақбұлақ, Достық ауылдарында орналасқан. Бүгін ауданымыздың Бөрлі, Успен, Пугачев, Кеңтүбек ауылдарында екі пәтерлі, ал Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында төрт пәтерлі үйлердің кілті иелеріне табысталды.

WhatsApp Image 2024-12-24 at 21.55.46
Ауданымызға қарасты Бөрлі ауылында екі пәтерлі 3 үй салынған. Кілт табыстауға арналған шараға аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қатысып, 6 отбасыға пәтерлерінің кілтін табыстап, құттықтады. Тұрғын үй иелерінің қатарында І топ мүгедегі Қанәділ Хасанов та бар.
- Бұл үй менің жолдасыма беріліп жатыр. Оның көзінің көрмейтініне 13 жыл уақыт болды. Үй 3 бөлмелі, барлық жағдай жасалған. Бізге ұнады, - дейді Ұмсындық Хасанова.

WhatsApp Image 2024-12-24 at 21.54.04
Сонымен қатар пәтер иелерінің арасында көп балалы аналар да бар. Көп балалы ана Назира Кузаирова өзінің қуанышты екенін айтып, алғысын айтты.
- Біз осы уақытқа дейін Ақсай қаласында тұрдық. Кейіннен бізге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Бөрлі ауылынан үй берілетінін айтып, сонда көшуге ұсыныс жасады. Жолдасым екеуміз ақылдасып, келістік. Жанұямыз 7 адамнан тұрады, яғни 5 баламыз бар. Үй кезегіне тұрғанымызға 1 жыл уақыт болды. Үйдің іші жайлы, кең, көңілімізден шықты. Осындай қуаныш баспанаға зәру азаматтарға жұғысты болсын. Баспаналы болғанымызға өте қуаныштымын, - дейді көп балалы ана Назира Шалабайқызы.
Пугачев ауылында жаңа қоныстанушылардың үйлері Оңтүстік-Батыс шағын ауданында орналасқан. Жаңа үйлер өте ыңғайлы жерде салынған. Оңтүстік-Батыс шағын ауданы ауылдың негізгі кіреберісінің жанында орналасқан. Жақын жерде «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 300 орындық мектеп салынуда. Пугачев ауылында 12 отбасы жаңа үйлерінің кілтін алды.
- Бүгін мен үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Мен өз үйімді алуға мүмкіндік берген президентіміз бен әкімімізге шексіз алғысымды білдіремін. Мен үш баланың анасымын, қазіргі уақытта декреттік демалыстамын. Жақын арада жаңа үйімізге көшіп, жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алуға дайындаламыз, - деп Пугачев ауылының тұрғыны Снежанна Исыпова өз әсерімен бөлісті.
Қазіргі уақытта Успен ауылында 12 пәтер дайын. Қуанышты жаңа қоныстанушылардың қатарында аудан тұрғыны Бақтияр Құрманғалиев та бар. Ол Успен ауылдық МББК-де дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс істейді.

WhatsApp Image 2024-12-24 at 21.53.26
- Отбасымыз үшін биылғы жыл қуанышты жаңалықтармен есте қалды. Успен ауылдық округіне отбасыммен бірге биыл көшіп келдім. Ауылдан жолдасым екеумізге де жұмыс табылды. Елбасымыздың біз сияқты отбасыларды қолдау мақсатында баспанамен қамтамасыз етуді тапсырғанына қуаныштымын. Жаңа үйіміз жылу, жарық, сумен толық қамтамасыз етілген, - дейді жаңа қоныс иесі Бақтияр Құрманғалиев.
Бүгін Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында орналасқан №8 ЖОББ мектебінде 88 тұрғын үйдің кілттері иелеріне табысталды. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Дулат Имашев, Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов, аудандық мәслихат депутаты Нұрбек Мырзабековтер қатысып, жиналған халықты бүгінгі көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады. Жаңа қоныс қуанышына кенелген азаматтардың ішінде 9 балалы отбасыда да бар.
- Мен 3 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Биыл міне 3 жыл дегенде баспанамызға қол жеткізіп тұрмыз. Үйіміз 3 бөлмелі, көңіліміз толды. Өзім 9 баланың анасымын. Балдарымның алды 18-де, ең кішісі 1 жастан асты. Қазіргі уақытта жолдасым жұмыста, өзім бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырмын, - дейді көп балалы ана Ақмарал Мұхамбетқалиева.
Бүгінгі жаңа тұрғын үй иелерінің қатарында аудан орталығы Ақсай қаласының Ықсанов көшесіндегі апатты деп танылған үйлердің тұрғындары да бар.
- Біз үшін бүгін өте қуанышты күн. Осы уақытқа дейін Ықсанов көшесіндегі апатты деп танылған үйде тұрып келдік. 1962 жылы салынған үйде 24 отбасы тұрды. Апатты деп танылған үйдің мәселесін 2 жыл бұрын бастаған едік. Биыл жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алатынымызға өте қуаныштымыз. Үй жып-жылы. Алдағы уақытта жаймен көшетін боламыз, - дейді жаңа үйдің иесі Қайыржан Жандусинов.

1886916b-a311-4c49-bc03-3ecafe1591a6
Пәтер иелері кілттерін алғаннан кейін жаңа баспаналарына қарай асықты. Жаңа көршілер танысып, бір-бірінің үйіне шашу шашып, қуаныштарымен бөлісіп, арқа–жарқа болды.

WhatsApp Image 2024-12-24 at 21.54.29

Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале