Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына орай Бөрлі ауданында «Қурай» башқұрт этномәдени бірлестігі жұмысын бастады.
Аудандық мәдениет үйінде өткізілген ашылу салтанатына «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Махауова, Ресей елінің Мәскеу, Саратов, Уфа қалаларынан қонақтар, этномәдени бірлестіктер төрағалары, қалалық ардагерлер кеңесі, қоғамдық келісім өкілдері шақырылды.
Бүгінде ауданымызда 8 бірлестік тіркелген. Олардың өкілдері де жаңадан қатарға қосылған әріптестеріне сәттілік тілеп, құттықтауларын жеткізді.
– Бірлестіктің ашылуымен құттықтаймын! Енді бірлесе жұмыс атқарамыз. Аудан халқының әртүрлі дәстүрді білетінін, татулықта өмір сүріп жатқанын жалпақ жұртқа паш етеміз деп сенемін. Айта кетерлігі, мен облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрағасымын. Тіпті облыс деңгейінде башқұрт бірлестігі жоқ. Ауданымызда ашылып жатқанына қуаныштымын, – деді корей бірлестігінің төрағасы Виталий Ан.
Бірлестік төрағасы болып тағайындалған Аниса Куянова жиналғандарға, осы істі жүзеге асыруға атсалысқан барша жандарға алғысын білдірді.
Лента қию рәсімі Ақсай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымжан Ерманов пен Ресей Федерациясының ұлттық-мәдени бірлестіктер бойынша координациялық кеңесінің мүшесі Батырхан Мурзабаевқа берілді.
Сондай-ақ келген қонақтар қурай аспабында ойнап, би билеп, салтанаттың сәнін келтірді.
Мөлдір Садырғалиева
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер