Ақсай қаласының №3 мектебінде Бөрлі ауданының 9-10 сынып оқушыларына арналған «Бөрлі білгірі» жобасының ашылуы болды.
Айта кетейік, жоба Бөрлі ауданында тұңғыш рет өткізілгелі отыр.
Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмагулова, жобаға өтініш берген оқушылар және ата-аналар қатысты.
Жобаның басты мақсаты білім сынында оқушылардың өзара достастығын насихаттау, оқушылардың білім деңгейін анықтау, жан-жақтылықты дамыту. Салтанатты шара басында Ақмарал Қуандыққызы барша оқушыға сәтілік тілеп, жобаның маңыздылығына тоқталды.
«Ақсай жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өрлен Бисенов ата-аналар мен оқушыларға жобаның шарттарын түсіндірді.
Жоба Бөрлі ауданы ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Ақсай жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге аспақ.
Шара барысында оқушылар жеребе таңдап, соған сай топқа бөлінді. Сегіз топтың әрқайсысында алты білгірден сынға түспек. Сонда жалпы 48 оқушы ойынды бастайды. Ал әр топтың ойыны кезінде өзгелерден оқ бойы озық болған үш қатысушы келесі кезеңге аяқ басады. Осылайша финалда бақ сынайтын үздік алтылық анықталады. Сайыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңге. Соның есебінен үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz