Бөрліде Конституция күні мерекесі қарсаңында дәрігерлерге арналған жатақхана пайдалануға берілді және Жарсуат ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункттің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жатақхананың ашылу салтанатына аудан әкімі Миржан Сатқанов пен БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова қатысты.
– Біздің ауданда дәрігерлер мен медбикелердің жетіспеушілігі бары рас. Осы мәселені шешу үшін біраз жұмыстар атқарылды. Әрине, мамандардың тұрақтауы үшін алдымен баспанамен қамту мәселесін оңтайландыру қажет-ақ. Бүгінгі жатақхана соның шешімі болып тұр. Алдағы уақытта ақ халатты жандарды қолдауға бағытталған ауқымды істер жалғасын табатын болады, – деді аудан басшысы.
БҚО денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Гүлнар Мақсотқызы да жылы лебізін жеткізіп, Бөрлі ауданы әкімдігіне алғысын жолдады.
Медбикелерге арналған жатақхананың жөндеу жұмыстарын «Ақсай Строй сервис и К» ЖШС жүргізді. Жобаның жалпы құны 72 млн. теңгені құрады. Ескі ғимарат 1938 жылы салынған. Алдымен темір жол құрылысы ауруханасы, кейін жұқпалы аурулар ауруханасы болды, біраз жылдан бері бос тұрған еді. Жұмыс барысында барлық жылу беру құбырлары, кәріз желілері, есік-терезелері, төбе және едені түгелдей ауыстырылды.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz