Ақпанның алғашқы бейсенбісінде атап өтілетін Дүниежүзілік сайлау күніне орай, бүгін Бөрлі ауданында түске дейін де, түстен кейін де дөңгелек үстел өтті. Күннің алғашқы жартысында мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесіп, шараның мақсатын, сайлау науқаны кезінде оларға көрсетілетін мүмкіндіктер жайында тоқталса, күнің екінші жартысында қоғам белсенділерімен кездесу өткізді.

Бұл күн 2005 жылы өткен сайлау ұйымдарының конференциясында бекітілген.
Осыған орай аудандық мәдениет үйінің кіші залында өткен шараға аудан депутаттары, қоғамдық ұйымдар, саяси партия өкілдері және аудандық, ауылдық учаскелік сайлау комиссиялары, “Жас сайлаушылар” ұйымының мүшелері қатысты.
Аталмыш шараны ашқан аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауов: «Бұл күн жұртшылықтың сайлау туралы түсініктерін кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қызығушылығын арттыруға бағытталған», - деп атап өтті. Басқа да шараға қатысушя аға буын өкілдері, осыған дейінгі ауданымызда өткен сайлаулар қорытындыларына, өту барыстарына тоқталып, қай кезеңде де аудан сайлаушылары белсенділік танытып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келгендерін айта келе, әлі де болса аудан сайлаушылары, соның ішінде жастар арасында сайлаудың ел дамуындағы маңыздылығын, әр сайлаушының дауысының маңыздылығын насихаттауымыз керек екендігін баса айтты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, сайлау процесін ұйымдастыруды әлі де жетілдіру жөнінде ұсыныс пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы бірқатар белсенді төрайымдарды марапаттап, алғыс хат пен гүл шоқтарын ұсынды. Шара соңында қатысушылар, ауданда өткен осыған дейінгі сайлау науқаны барысынан естелік суреттерді фотокөрмеден тамашалады. Аға буын өкілдері, суретті көріп өзара пікірлерін жалғастырып жатты.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы