8.04.2026, 12:15
Оқылды: 12

Бөрлі ауданында ісмерлер қой жүнін өңдеуден шеберлік сағатын өткізді

WhatsApp Image 2026-04-03 at 15.08.01

Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір

Мал жүнінің жеңіл өнеркәсіпте жылу сақтағыш, берік және ылғал тартқыш қасиеттері бар құнды шикізат екенін бәрі біледі. Ерте кезде адамдар малдың жүнінен киім киіп, көрпе-көпшік, киіз, кілем сияқты тұрмыстық заттардың бәрін жасаса да бүгінде осынау бағалы шикізаттың қадірін білуден қалып бара жатқанымыз туралы айтылып та, жазылып та жүр. Оның себептері де жоқ емес. Заман ауысқан сайын адамдар жаңа технологиямен өңделген, заманауи үлгіде тігілген киімдер кигісі келеді. Сол сияқты соңғы үлгіде жасалған тұрмыстық заттарды пайдаланғысы келеді. Десе де мал жүнінен жасалған заттың сапасы, денсаулыққа пайдасы ешнәрсемен салыстыруға келмейді. Адамдардың осы сұранысына отандық өнім өндірушілер жауап бере алмай отыр қазіргі таңда. Есесіне ата кәсібіміз деп мал өсіріп отырғандар мал өнімдерін, соның ішінде жүнін өткізе алмай шығынға батуда. Қаншама байлық рәсуа болып, сай салада жатыр. Өртеп жібереді, не көміп тастайды. Шебер қолды қыздар жер-жерде құрақ көрпе тігіп жарысқанымен, сол көрпеге салынатын жүнді қабылдап, өңдеуші цех, мекеме дегендер жоқтың қасы. Бүгінгі әңгіме қойдың жүнінен жасалатын өнімдер туралы болмақ.  Өйткені мал жүнінің ішінде тұрмыста ең көп пайдаланылатыны қой жүні екен. Қойдың жүні жабағы, күзем жүні, қозы жүні, өлі жүн, шет-пұшпақ  деп 5 түрге бөлінетінін, соның ішінде киіз, текемет, сырмақтар жасау үшін  күзем жүні пайдаланылатынын айта кетейін.

WhatsApp Image 2026-04-03 at 16.34.50 (1)

Ісмер апалардан шебер қыздарға дейін

Әрине, ауызымызды қу шөппен сүртуге болмас. Елімізде шағын кәсіпкерлікті қолдаушы ұйымдар арқылы өз кәсібін дамытамын деушілерге  орасан зор көмек көрсетілуде. Солардың ішінде жүн түтіп, көрпе жасаушылар, жүннен басқа да ұлттық бұйым жасаушылар да жоқ емес. Бірақ мал  шаруашылығы саласында еңбек ететін жүн өнімін тапсырушы мен бірен сараң көрпе-көпшік жасап отырған қолы шебер қыздардың арасында нақты байланыс жоқ.  Өйткені жүн жуу, сұрыптау ісі жолға қойылмаған. Соған қарамастан, біз аудан бойынша осы бағыттта жұмыстанып жатқан ісмер қолды апаларымызды айтпағанда, шебер қыздарымыз да баршылық екен. «Бөрлі ауылының тұрғыны, кәсіпкер  Темешова Гуляй 2023 жылы "Ауыл аманаты" жобасына қатысып, 6 млн.450 мың.теңгеге несие алған болатын. Сол қаржыға  ұлттық нақыштағы көрпе- көпшік дайындау үшін қажетті құрал- жабдықтар сатып алды. Бүгінгі таңда Гулай аталған кәсібін жолға қойып, жақсы жүргізіп отырған  кәсіп иесі. Ол сол сатып алған аппараттары арқылы жүнді жуады, түтеді және тапсырыс берушінің өтінішіне орай қонақ көрпелер, жамылғы көрпелер жасайды. 2025 жылы "Ауыл аманаты" жобасы аясында Қызылтал ауылының тағы бір шебер қолды тұрғыны Назира Кереева 9 200 000 теңгеге жүн түтетін, матрас тігетін  жабдықтар сатып алды. Бүгінде Назираның да жұмысы жанданып келеді. Бұл кредиттер жаңа кәсіп бастаушыларға арналған 2,5 пайыздық несиелер» - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Құбашева бізбен әңгімесінде.

WhatsApp Image 2026-04-03 at 16.34.50

Киіз, текемет басу, ою

Ою - ұлттық өнер

Нұргүл Құбашеваның айтуынша әзірге жүн өңдеймін, киіз басып, текемет жасаймын деп ұсыныс білдірушілер жоқ екен, талапкерлер табылып жатса қолдауға әзірміз деген бөлім басшысы жоқ деп қарап отырмағандарын айтты. Сол күні “Тамүr” ұлттық киімдер дүкенінің ішінде өткізілген жүнді өңдеу бойынша шеберлік сағаты осының дәлеліндей болды. Шеберлік сағаты  қолөнерге, соның ішінде жүн өнімдерін пайдаға асырғысы келетін қызығушылығы бар қыз-келіншектерге арналды. Олардың дені ауылдардан келгенін айта кетейін.  «Ауыл» партиясы, аудандық Іскер әйелдер Ассоцациясы бірігіп ұйымдастырылған бұл шарада облыс орталығы Орал қаласындағы «Айкербез» қолөнершілер орталығының мүшесі, «Гүлханым» брендінің өкілі  Арыстанова Гүлжанар шеберлік сағатына қатысушыларға кішкене киізді қалай жасауға болатынын көрсетті. Гүлжанар шебер десе шебер екен. Олар  жуылып, түтілген және шумақталып, дайындалған жүнді алып ісмердің көмегімен, ән шырқай отырып  бірнеше сағатта киізді бірге жасап шықты. Көтеріңкі көңіл күйде дүниеге тап-таза, әдемі оюланған, ұлттық нақыштағы киіз келді. Өз қолдарынан шыққан дүниеге қатысушылар өздері де қатты қуанды. «Біз аудан-аудандарға жиі шығамыз. Қолдан келгенше шеберлік сағаттарын өткізіп, аналарымыз бен әжелерімізден қалған асыл өнер жалғасын тапсын деп жүрміз. Киіздің денсаулыққа пайдалы, табиғи екенін жеткізу мақсатымыз. Қолы шебер апалар мен сіңлілерім көп. Шикізат одан да көп. Тек сол екеуінің ортасына дәнекер болғымыз келеді. Шикізат, яғни жүн далада қалмаса екен дейміз. Мәселен, біз бүгінгі шеберлік сағатына пайдаланылған мына дайын жүндерді  Тараз қаласынан алдыртамыз. Мектептердегі, болмаса басқа да қолөнер үйірмелері де сол жақтан алдыртатын болу керек. Бізде киіз, текемет баспақ түгілі ең болмаса дайын жүн же жоқ. Ал Бөрлі ауданының бүгінгі шеберлік сағатына қатысушылардың құлшынысы, қызығушылығы маған ұнады. Істеріңізге сәттілік тілеймін»-деді Гүлжанар Ерлікқызы.

Шеберлік сағаты сәтті аяқталып, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Құбашева мен Іскер Әйелдер Ассоцациясының басшысы Луиза Кусаинова Гүлжанар Арыстановаға алғыстарын айтты. Сонымен бірге қатысушыларға да бек риза болдық. Енді тек ауыл-ауылдарда осы жұмыс жанданса болды деген тілек қана. Бұл қолөнерге арналған шеберлік сағаты ғана емес, мал өнімдерін, соның ішінде қойдың жүнін  пайдаға асыруға арналған тамаша жарнама болды деп ойлаймын.

Дариға Нұрашова,

"Жайық Пресс" 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале