Ақсай қаласының аумағы да судан толып тұр. Әсіресе, далаға жиналған су телегей теңіз. Күннің күрт жылынуы мен соңғы күндері жауған жаңбырдан ақсайлықтар жапа шегіп отыр. Бұл тек қардың еріген суынан келген қатер. Жақын күндері Шыңғырлау өзенінің деңгейі көтеріледі деп күтіліп отыр. Демек, қауіп әлі алда.
Ауданға қарасты ауылдық округтерде де қауып сейілмей тұр. Аудан аумағындағы жолдардың 3 жерінде жолды су шайып кетті. Айталық, Ақсай-Ақбұлақ аудандық маңызы бар Ақбұлақ ауылына кіреберіс жолының 4 және 10 шықырым учаскесінде еріген су жиналып, басты. Су басу орнының ені 3 метр. Қазіргі таңда 7 адам кезекшілікте, 1 техника, 1 мотопомпа жұмыс істеп тұр.
Одан бөлек, «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» облыстық автожолын Ақсу ауылының тұсында ені 80-100 метрді құрайтын су басты. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімінің күштерімен патруль ұйымдастырылды. Успен ауылынан 3 шақырым жерде «Успен-Амангелді» аудандық жолында ені 7-8 метрді құрайтын су басуы болды. Қазіргі таңда 5 адамнан кезекшілік ұйымдастырылып, 1 техника, 1 мотопомпа жұмыс істеп тұр.
Қарғын су Ақсай қаласындағы Қызылтал ауылына қиындық тудырып тұр. Мұндағы біраз үйге су кірді. Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндыковтың, аталған ауылды күтіп ұстауға жауапты мердігер «Grand Asia cleaning service» компаниясының 9 «АС» көлігі, 3 су сору құрылғысы жұмыс істеп жатса, «Строитель-3» көшесінде ҚПО компаниясының КамАЗ көлігіндегі жылжымалы су сору станциясы жұмыс жасауда.
- Ауыл ішіне келген су тек қардың суы. Даладан ауылға су келген жоқ. Жылда жоғарғы жақтан келетін «қызыл» суды ауылдан айналдырып өткізу үшін арнайы инженерлік қоршау салынатыны белгілі. Әлеуметтік нысандарға су кірген жоқ. Жағдай бақылауда. Тұрғындардың арыз-шағымына орай, кезекпен көмек беріліп жатыр, - деп атап өтті шаһар басшысы.
Ауыл мектебінде эвакуациялық пункт жұмыс жасап тұр. Арнайы орынға 26 наурыз күні үйін су басу қауіпі бар бір отбасы келіп, екі мектеп жасындағы бала түнеп шыққан.
Шаһардың оңтүстік бөлігінде қазір қауіп сейілді. Оған дейін Батыс, Степной переулок, 8 наурыз көшелерінің тұрғындары үйлеріне су кіріп жатқандығын хабарлаған еді. Кеше аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың қадағалауымен «Шлюмбергер» компаниясының көмегімен арнайы жылжымалы су сору құрылғысы қойылып, жиналған қарғын суды жол бойындағы сайға жіберді.
Жалпы қарғын суға қарсы жұмысқа өңірдегі ҚПО б.в. «Ақсайбизнесстрой», «Назтур», «Ақсайспецмонтаж», «Шлюмбергер», «РТ Альянс» және т.б. сияқты компаниялармен жергілікті азаматтар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары А. Агаев, Б. Ғаделшиев, Л. Елеусінов, Е. Мерғалиевтер техникаларымен және қауіпті участкелерде жауапты болып көмек көрсетуде.
Қаланың солтүстік бөлігінде де жағдай күрделі. Мәселен, Жамбыл көшесінің тұрғыны Болат Алекешовтың айтуынша, оның үйі екінші жыл қатарынан су астында қалған. Тұрғын мұны екі жыл бұрын салынған Буденный көшесіндегі жаңа асфальтталған жолмен байланыстырады. Ол жобалау жұмысы кезінде жергілікті тұрғындармен ешкім кеңеспегенін айтып қынжылды.
- Екі жылдан бері көшедегі қарды тазартатын жүк тиегіш көліктер менің үйіме қарай қарды үнемі жинайды. Міне, қалдықтар әлі де көрінеді. Мұның бәрі ериді. Арықтарды ешкім тазаламады, судың баратын жері жоқ. Кешеден әкімдіктегі номерлерге хабарласып жатырмыз, ешқандай көмек жоқ. Көршім су соратын құрылғыны несиеге алып келді жаңа. Сонымен суды сорып жатырмыз, - дейді тұрғын.
Дегенмен аталған көше бойында арнайы техникалар су жүретін жолдарды ашып, мекеме қызметкерлері тұрғындарға көмекке келген.
Аралталдық Ерден Оразовтың үйіде қарғын судың ортасында тұр. Екі күннен бері жергілікті әкімдіктің тапсырмасымен құтқарушылар келіп, үш жерге сору құрылғысын қойған. Құм толтырылған қапшықтарды да төсеген. –
- Көптің көмегімен үйіме әзірше су кірген жоқ. Дегенмен іргетастан асуға 2 см қалды. Кешелі бері су кірмеуіне қарсы жұмыстар жүргізіп жатқан жұмысшыларға алғыс айтамын. Аудандық мәсихат депутаттарыда көмектерін аяп жатқан жоқ. Осылайша, қиындықты бірге еңсеретінімізге сенімдімін, - дейді ол.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, моноқалада қалған қарды шығару және еріген суды сору жұмыстары жалғасуда. Барлық қызметтер, соның ішінде қалаға қызмет көрсететін мердігерлік компаниялар тәулік бойы жұмыс істейді. 53 бірлік техника, 20 мотопомпа және 153 адам тартылды. Қала аумағынан 38 мың текше метр еріген су сорылып шығарылды. Қауіпті жерлерде бір жарым мың қап құм төселді. Ақсай тұрғындарынан еріген қар суын соруға 300-ден астам өтінім келіп түсті, олардың басым бөлігі пысықталды.
Су тасқынына қарсы күреске мекеме қызметкерлері, еріктілер мен жастар тартылды. Аудандық мәслихат депутаттары да шетте қалмады. Халық қалаулылыры сондай-ақ техника мен инертті материалдарды ұсынып, өздері сайланға учаскелерін бақылуда ұстап отыр. Ауылдық округтерде «Сұңқар Ақсай» ҚБ-дан еріктілерді қолдау ұйымдастырылды. Аудандық мешіт жанындағы «Берекелі жамағат» қозғалысының еріктілері түңгі ауысымда жұмыс жасап жүрген жұмысшыларға екінші күн қатарынан ыстық шай мен тамақ әкелуде.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі адуны
zhaikpress.kz