13.02.2026, 16:30
Оқылды: 12

Бөрлі ауданында кәсіпкер бесік тоқиды

WhatsApp Image 2026-02-06 at 17.12.07

 

Қазіргі уақытта ауданымызда декреттік демалыста отырып, әрі көпбалалы ана болып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жандар баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз Бибінұр Қадырбай да осы жандардың қатарынан. Ол “Бастау Бизнес” жобасының грант иегері.

Бибінұр қазіргі уақытта өз хоббиін табысқа айналдырып отырған кәсіпкер. Оның бұл салаға тұрмысқа шықпас бұрында қызығушылығы болған екен. Ол кезде көрпе, терезе жабын, жапқыш секілді үйге қажетті заттарды тігіп жүрген. Ал қазіргі уақытта ол бесік тоқып, өз нәпақасын табуда.

- Тоқуға деген қызығушылығым алғашында жәй хобби болса, уақыт өте келе бұл істің маған ләззат сыйлайтынын, сабыр мен шабыт беретінін түсіндім. Қолмен жасалған әр бұйымға жан жылуын қосып, ерекше көңілмен тоқимын. Бесік тоқуды бірнеше жыл бұрын ғана үйрендім. Алғашында осы бесікті өз балама арнап жасап көрдім. Кейіннен қолымнан келіп тұрса неге әрі қарай дамытпасқа деген ойға келдім. Кәсібімді дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасына қатысуды ұйғардым. Қайтарымсыз грант туралы естігеннен кейін, ол туралы толық мәлімет алып, бизнес жоспарымды дайындауға кірістім. Аталған жобаға тоқылған бесік бойынша арнайы бизнес жоспар дайындадым. Жолдасымда мені бұл жағынан қолдап, өз көмегін көрсетті. Бұл жоба маған кәсіпкерлік негіздерін үйренуге, бизнес-жоспар құруға және өз ісіме сенімділікпен қарауға үлкен мүмкіндік берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібімді бір жүйеге келтіріп, оны әрі қарай дамытуға жол ашылды. Тоқылған бесік – ұлттық дәстүр мен қазіргі заман талабын ұштастыратын бұйым, - дейді Бибінұр Айболқызы.

WhatsApp Image 2026-02-06 at 17.14.00 (1)

Кейіпкеріміздің кәсіп ашуына бірнеше себеп әсер еткен. Атап айтсақ, біріншіден ол отбасылық бюджетке қосымша табыс табу арқылы көмектескісі келген екен. Ал екіншіден, өз қолынан шыққан пайдалы әрі әдемі бұйымдар арқылы адамдарға қуаныш сыйлағысы келген. Үшінші себеп - үйде отырып, бала тәрбиесімен қатар еңбек етуге мүмкіндік беретін кәсіп іздеген.

WhatsApp Image 2026-02-06 at 17.14.00

Бибінұрдың тоқылған бесікті таңдауына басты себеп ол оның экологиялық таза, әрі балаға ыңғайлы болуында екен. Сонымен қатар қазіргі заманауи аналар арасында тоқылған бесіктің сұранысқа ие екендігі айтпаса да белгілі. Тоқылған бесік баланың тыныш ұйықтауына көмектесіп, жеңіл және интерьерге де әдемі көрік беріп тұратынын атап өтті кейіпкеріміз.

- Мен қолөнерге жақын, отбасылық құндылықты жоғары қоятын жанмын. Отбасым – менің ең үлкен тірегім, әрі шабыт көзім. Балаларға, олардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне әрдайым мән беремін. Үйдегі береке мен тыныштықты сақтауда әйел адамның қолының, еңбегінің маңызы зор деп есептеймін, - дейді көпбалалы ана.

Отбасы демекші, көпбалалы ана Бибінұрдың өзі де көпбалалы отбасыдан шыққан. Кейіпкеріміз 2014 жылы жолдасы Бағдатпен шаңырақ көтеріп, бүгінде бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған отбасы. Тұңғыштары Әлинұр 5-сынып, Алина 3-сынып, ал Кәусар даярлық тобында білім алуда. Ал кішілері Көзайым балабақша тәрбиеленушісі.

Бибінұр тігуді де, тоқуды да ешкімнен үйренбеген. Өзінің қызығушылығы оянып, біртіндеп үйренген. Қазіргі уақытта үйінің бір бөлмесінде арнайы тігін машинасы, тігуге, тоқуға арналған құрал жабдықтары бар. Декреттік демалыста кәсібін бастаған көпбалалы ана үйінің бір бөлмесін өзінің шығармашылық студиясына айналдырып отыр. Кейіпкеріміз қазіргі уақытта тоқылған бесіктерге деген қызығушылық көп болғанымен, сұраныстың ондай көп еместігін айтады. Себебі қазіргі уақытта тоқылған бесіктерді дүкен сөрелерінен де табуға болады дейді. Дегенмен тапсырыстарының бар екенін атап өтті. Тоқылған бесіктерден бөлек, атап өткеніміздей ол жапқыш, төл, көрпе, көпшіктерді тігіп те сатады. Негізінен Бибінұр жоғары білімді есепші. Ол тек жақында ғана декреттік демалыстан шығып, өзінің мамандығы бойынша жұмыс жасауды бастаған. Дегенмен хоббиінен кәсібіне айналған ісін әрқашан бірге алып жүретінін айтады.

“Өнеріне қарай - өрнегі, тірлігіне қарай - тірнегі” демекші, өзінің қолынан келген өнерімен тірлік жасап, кәсібіне айналдырып, табысын тауып отырған көпбалалы ана Бибінұр бүгінгі күні басқаларға үлгі болатын жанның бірі.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале